- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Ата-ана тарапынан қысым...
Ата-ана тарапынан қысым зардабы қандай?
Манипуляция немесе қысым – күнделікті өмірде жиі кездесетін адамға ықпал етудің тиімді жолы. Бала кезде ата-ананың баланың әр ісіне араласуы ақылға қонымды болғанымен, есейген сайын бұл әрекеті балаға кері әсерін тигізуі мүмкін.
Есейіп жыраққа кеткенімен, кейбір адамдар әлі күнге дейін ата-анасы барлық әрекетінен хабардар болуға тырысатынын және оның өміріне өз билігін жүргізгісі келетінін ұғынады. Кейде бұл балаға деген жанашырлық, қамқорлық болса, кейде бұл ата-ана тарапынан көрсетілген қысым белгілері. Бала ақыл тоқтатып, өзіне жауапкершілікті ала алатын жасқа жеткенше бұл орынды болғанымен, артынан үлкен мәселеге айналады. Үлкен азамат ретінде өзіне не керегін ұқпайды, өз бетімен шешім қабылдай алмайды және жауапкершілікті сезінбейді. Тіпті кейбіреуі жеке қарым-қатынас құруға қабілетсіз болады. Бұндай қоғамда балаларды "есеймеген бала", яғни толыққанда тұлға ретінде қалыптаспаған адам ретінде қабылдайды.
Ата-ана өз билігін жүргізгісі келетінін мынадай белгілер арқылы білуге болады:
– Балаға психологиялық қысым көрсетеді;
– Есейсе де өз бетімен шешім қабылдауға қауқарсыз екенін түсінеді;
– Баланың сезімі мен қажеттілігі соңғы орында;
– Ата-ана баланың кез келген әрекетіне әсер етеді;
– Маңызды шешімдерді баланың өзі емес, ата-ана қабылдайды.
Манипулятор ата-ана мен бала арасындағы диалог еркін жүрмейді. Көбіне бала ақталуға тырысады. Өйткені ата-ана ретінде олар мындай позицияны ұстанады:
— Жасы үлкен әрі беделді адам ("Мен сенен жақсы білемін")
— Ақылгөй ("Ақылды, тәрбиелі адамның істейтін тірлігі емес")
— Кінә іздегіш ("Сен бізді тыңдағанда бұндай болмайтын еді /сені аяққа тұрғызамын деп мен бәрінен бас тарттым").
Балаға психологиялық қысым көрсету тек отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасқа әсер етіп қана қоймай, болашақта үлкен мәселелердің бастауы болады.
Толықтай бас иіу: Ата-ананың беделді болуы соншалықт, олар балаға ешқашан соңғы шешімді қабылдауға мүмкіндік бермейді. Уақыт өте бала өз бетімен ойлау қабілетін жоғалтады. Есейген шақта да өзгенің дегенімен жүріп-тұратын болады.
Өзін кінәлау: Бұл сезім манипуляцияның ең маңызды қаруы. Бірақ, өсе келе бала тек өзін ата-ана алдында ғана емес, бүкіл қоғамдағы сәтсіздіктер үшін кінәлайтын болады.
Таптаурындармен өмір сүру: баланың көзқарасы ата-анадан өзгеше болуын көп адам қабылдай бермейді. Сондықтан бала кезден оның санасына өзінің жеке ойы болмауын және тек ата-анасының көзқарасы дұрыс деген түсінікпен тәрбиелейді. Болашақта ол баланың өзіне сенімсіз болуына себеп болады.
Салыстыру: бұл әдіс арқылы ата-ана бала бойындағы ұят пен кінә сезімін оятуға тырысады. Нәтижесінде бала бойында бәрінен артық болуға тырысу, үмітті ақтау және ата-ана махаббатына кез келген жолмен қол жеткізу ойы тұрады. Есейген шақта бала шынайы махаббаттың барына сенбейтін болады.
Бұнымен күресу үшін бала ата-анасымен еркін әрі ашық түрде мәселені айтып білу керек. Керек болған жағдайда психолог көмегіне сүйену керек.
Т. Есқали