- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Асүйдегі тарақандардан қалай...
Асүйдегі тарақандардан қалай құтыламыз?
Қазіргі кезде үйдегі тарақаннан құтылу шешілмейтін мәселе қатарында емес. Соңғы кездері химиялық өндіріс жақсы дамығандықтан, тарақаннан құтылатын және оның адамға зияны болмайтын құралдардың түрі шығып жатыр. Алайда химиялық құралдардан соң тарақандар уақытша ғана көрінбей кетіп, қандай да бір уақыт өткен соң қайтадан көріне бастайды. Сол себепті олардан толықтай құтылу үшін санитарлық шаралар кешенін орындау қажет.
Тарақандардан құтылудың тиімді әдістері
Тарақандардан құтылудың ең тиімді тәсілі – үйді әрқашан таза ұстау. Бұл тәсіл бірден көмектеспегенмен, уақыт өте нәтижесін көре аласыз. Тарақандар өздеріне жайлы жағдай болмаса, ол жерден кете бастайды. Егер үйде жоғары деңгейде тазалық болмаса, қанша химиялық құралдар қолдансаңыз да, тарақандар қайта орала беретін болады.
Тарақандар үйде өмір сүре алмауы үшін:
- Асүйде аузы ашық азық-түлік қалмауы керек. Таусылмай қалған кез келген тамақты тоңазытқышқа салыңыз немесе қақпағы тығыз жабылатын құтыға салыңыз. Үстелдің үстінде қиқым немесе төгілген май (сусын) қалмағанын тексеріңіз.
- Ұйықтар алдында ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаны және ыдыстарды құрғатып сүртіп шығыңыз. Тарақандар суды жақсы көреді. Егер су болмаса, олар үйден кетіп қалады.
- Тарақандар тығылуы мүмкін жерлерден құтылыңыз. Мысалы, желімі ашылып қалған түсқағаз және жарылып кеткен еденкемер (плинтус).
- Үйді күнделікті желдетіп тұру.
Үйді уақытылы тазалаумен қатар, тарақандарды тікелей жоятын әдістерді де қолдану керек.
Асүйді жәндікжойғымен өңдеу. Тарақандарды жоятын химиялық құрал таңдаған кезде оның адам денсаулығына зиян келтірмейтін түрін таңдаңыз.
Үйді аяздату. Температура минус 8°С-ден төмен болғанда тарақандар қаша бастайды.
Арнайы қақпандар қолдану. Тарақандарды бәрі білетін жабысқақ және қақпан арқылы ұстауға болады. Егер тарақан аз болса ғана мұндай жолмен құтылуға болады.
Уланған жемді пайдалану. Мүндай жемдер көбінесе бор қышқылымен дайындалады. Ол дәріханаларда ұнтақ күйінде сатылады. Ол үшін ұн, бор қышқылы және жұмыртқаны (су, сүт) араластырып, кішкентай шарлар жасап, тарақан жиі көрінетін жерлерге қоясыз.
А. Жапатова