- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Аспаз аруларға күзгі...
Аспаз аруларға күзгі кеңестер
"Қыстың қамын жаз ойла» деген аталы сөзге құлақ асатын аруларымыз қытымыр қыстың дайындығына кірісіп кеткен де болар. Әсіресе, дәл қазір түрлі салаттар мен консервілер дайындайтын маусымның қайнап тұрған кезеңі. Осы орайда аспаз аруларымызға, аналарымызға пайдалы кеңестерімізді ұсынамыз.
•Консервілеуге арналған банкаларды пайдалану алдында жуады. Содан соң ыстық сумен шаяды(дизинфекция үшін). Стерильдеу алдында банкаларды шамалы қыздырып алса, жарылмайды.
•Банкаларға салынған жемістер банканың жоғарғы ернеуінен 1,5-2 см төмен болу керек. Мұндай кеңістік банка қақпағының атылып, ашылып қалмауына мүмкіндік жасайды, банкадағы тағам ұзақ сақталады.
•Стерилизациялау. Стерильдеу үшін банка салатын кең ыдыстың түбіне бірнеше қабаттан мата салып қойған дұрыс. Кәстрөлдегі су стерильдеуге қойған банкі мойнынан 1,5-2 см төмен болу керек. Стерильденген банканы судан жылдам алып, қақпағын тез жауып, содан соң үстелге төңкеріп қояды. Қаңылтыр қақпақтарды алдын ала содамен жуып, құрғатып сүртеді.
•Консервілеу үшін жеміс-жидек соғылмаған, шірімеген, құрт түспеген, көгеріп, қабықтары жарылмаған болуы керек.
•Егер банкілер мен шөлмектер ішіндегі қоспалардың үстіне күдікті көбікшелер пайда болса, ыдыстардың қақпағы герметикалық (тығыз) жабылмағаны. Ондай жағдайда ыдыс ішіндегі шырынды кәстрөлге құйып қайта қайнатып, таза банкілерге қайта салып, аузын мықтап жапқан дұрыс.
•Бұзылған шырынның иісі әдетте спирт немесе сірке суына ұқсас болады.
• Егер банкідегі нәрсудың (компот) реңі лайланып тұрса, банканы ашып, ішіндегіні пайдалануға болады. Ал банка қақпағы ісінсе немесе атылып кетсе, оның ішіндегіні мүлде пайдалануға болмайды.
• Кез келген нәрсуды бір жылдан артық сақтауға болмайды. Өте күшті дәмі бар жеміс-жидекте адам ағзасына зиян өте күшті синиль қышқылдары болады.
•Консервілерді дымқыл, сызды жерде сақтау қауіпті. Банканың қақпағы тоттанып, консервінің бұзылуы әбден мүмкін.
•Дайын нәрсудың ішіндегі жемістер қарайса, банкі ішінде ауаның қалып қойғаны, ондай жағдай болмас үшін, жемістерді салар алдында қайнатып, бұқтырып алған дұрыс.
•Нәзік жемістер(алхоры,шабдалы,өрік) езіліп, пішіні өзгермес үшін, шәрбатқа салар алдында 5 минут содалы ерітіндіде ұстағаныңыз жөн(1кг жеміске – 1,5 л суға бір шай қасық ас содасы).
•Жемісті тот баспайтын пышақпен тазаласа, С дәрумені бұзылмайды.
•Шыны ыдыс жарықты оңай өткізеді, сондықтан шыны ыдыстағы шараптың реңі өзгеріп кетеді. Сол себепті шыны ыдыстағы шараптың сыртын матамен, қағазбен орап немесе қараңғы жерде сақтаған жөн.
•Қайнатпа дайындаған кезде кәстрөл ернеуіне жабысқан қантты салқын суға малып алынған шүберекпен сүртіп алған дұрыс.
•Хош иісі жоқ алмадан қайнатпа дайындаған кезде пысық келген нәзік жандыларымыз бір түйір апельсинді қабығымен салып жібереді. Мұндайда қайнатпа салған ыдысты ашқан кезде бөлмені хош иіс жаулап алады.
•Қызанақтың қабығын аршу үшін жемістің үстіңгі жағындағы өзегін алып тастап, қайнап тұрған суда бір минут ұстаса қабығы сыпырылып түседі.
•Тағы бір таңданарлық нәрсе, бір қоқысқа тастайтын қарбыз қабығындағы дәрумендер қарбыз жұмсағынан ондаған есе көп екен. Қабықтан тек қайнатпа дайындап қана қоймай, кептіріп пайдаланса, кәдімгі «зәр айдайтын» дәріге айналады екен.
Суреттер:novostioede.ru,natalilife.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева