Кез келген кішкентай бүлдіршіннің бойында бір қорқынышы болады. Психолог мамандардың айтуынша, баланың қорқынышы әртүрлі себептерден пайда болады. Көп жағдайда генетикалық фактор негізінде болатын қорқыныш жиі кездеседі екен. Яғни ана арқылы берілетін қорқыныш. Жүкітілік кезіндегі ананың қараңғыдан, қатты дауыстан, жәндіктерден, авто көліктен т.б. секілді қорқыныштары іштегі балаға тікелей беріледі. Қорқыныш дегеннің өзі — бір нәрседен жүрексініп сескенгенде, шошығанда пайда болатын сезім, қауіп-қатер, үрей. Функциялық тұрғыдан қорқыныш субъектіге алдағы қауіп туралы ескерту болып табылады.
Бала бойындағы қорқынышыты жеңу үшін, ең алдымен оның бастау көзін анықтау керек. Кейде ата-аналар айтқанымды тыңдатамын немесе тәрбиелеймін деген мақсатпен өз перзенттерін өздері қорқытады. Ал осының салдарынан бала жасқаншақ болып өседі. Мысалы, «Сен егер қазір тыныш отырмасаң, итке беріп жіберемін», «жалмауыз кемпір жеп қояды» деген секілді сөздердің өзі балаға қатты әсер қалдырады. Сондықтан ата-ана мен тәрбиеші ең алдымен өздерінің сөздерін ой-елегінен өткізгені дұрыс. Сонымен қатар, ұйықтар алдында ата-ана ертегінің ішіндегі жағымсыз кейіпкерлерді үрей туғызып немесе баланы қорқытып айтуына болмайды. Күнделікті шашылған ойыншықтарды балаңыздан жинастыруды сұрасаңыз, бірақ ол тыңдамай немесе сізге еркелесе, сіз оны өз еркімен жинауы үшін: «Дәрігер апайыңды шақырып, укол салдыртамын» немесе «Ойыншықтың бәрін Арманға беріп жіберемін», «Қараңғыға қамап қоямын» т.б. секілді себептер айтып, баланы қорқыту арқылы өз дегеніңізге жетуіңіз мүмкін. Алайда салдарынан балаңыздың бойында шошыну, энурез, тұтығып сөйлеу, жалғыздық секілді қорқыныштар пайда болуы мүмкін. Отбасындағы ұрыс-керіс те балаға өз кері әсерін тигізеді. Сондықтан ең бірінші үлкендер баланың бойындағы қорқыныш пен үрейден арылту үшін өз істеріне, сөздеріне абай болуы қажет.
Есі кіре келе кішкентай бүлдіршін мына өмірдегінің бәрін біліп, көргісі келеді. Ол айналадағы өзіне таныс емес дүниенің бәрін сұрайды. Бұл не? Неге олай? Ол кім? Не үшін? т.б. сұрақтар қояды. Мұндай жағдайда көбіне ата-аналар балаға түсіндіріп айтудың орнына, «болмайды, ол жерге барма, ұстама, тиме» деп баланың тыныш отырғанын қалайды. «Неге болмайды» деген сұрағына «болмайды, демек болмайды!» деп ұрысуы мүмкін. Осыдан баланың ойында ол дүние туралы жаман ойлар қалыптасады. Сондықтан ата-ана керісінше
өздерінің кішкентай кезінде неден қорыққанын, одан қалай арылғанын айтса, балаға ол үлкен оң септігін тигізер еді және өзіне деген сенімі жоғарылайды.
Балалардың жас ерекшелігіне байланысты негізгі қорқыныштың түрлері:
Жаңа туылған нәресте:
жаңа ортадағы қорқыныш; анасынан алыстау қорқынышы; бөтен адамдардан қорқуы.1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларда:
қараңғыдан қорқуы; түнгі қорқыныштар; жалғыз қалып қою қорқынышы.3 жастан 5 жасқа дейін:
жалғыздық қорқынышы, яғни ешкімнің елемеуі; қараңғылық қорқынышы; тыныш, тұйық ортадан қорқуы; қиял-ғажайып кейіпкерлерінен қорқуы.5 жастан 7 жасқа дейін:
белгілі бір жағдайға байланысты қорқыныштар. Мысалы: өрт, тереңдік, түрлі апаттар, т.б.; ата-аналарының ұрысуынан, ұруынан қорқу; жануарлардан қорқуы; қорқынышты түстерден қорқу; ата-анасынан айырылу қорқынышы; кешігіп қалу қорқынышы; өлім қорқынышы; ауруға шалдығып қалу қорқынышы.Аталған қорқыныштардың барлығы уақыт өте келе жойылады. Өйткені бұлар белгілі бір уақыт арасында ғана болатын қорқыныш, үрейлер. Алайда аталмыш қорқынышты уақыт еншісіне қалдырмай, оның бала бойында ұзақ уақыт сақталып, бойында қалмауы үшін ата-аналар мен тәрбиешілердің қосар үлесі зор. Бала кезінде қалған үрей өскенде де сыр береді. Оның соңы ересек кездегі психологиялық сырқатқа ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан өсіп келе жатқан баланың бойында үрей-қорқынышы болса, оған бірден көңіл бөліп, барынша оны жеңуге көмектесу керек.
Баланың бойындағы үрей-қорқынышын анықтаудың және оны жеңудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар. Мысалы, балаларға «Қорқынышымызды қағаз бетіне түсіру» атты сурет салу сабағын жүргізуге болады. Сабақ 30-40 минут ұзақтықта болуы керек. Ең бірінші баламен жақсы қарым- қатынас орнатып, алдыңа алып немесе тізеңе отырғызып, құшақтап отырып, ақырын сөзге тарту керек. Әртүрлі сұрақтардан бастап, мысалы, қараңғыдан қорқасың ба? Қасқырдан қорқасың ба? Мыстан Кемпірді қалай деп елестетесің? Уколдан қорқасың ба? Балаға "ия" немесе "жоқ" деп жауап беретіндей қысқа сұрақтар қойған жөн, бірден бірнеше сұрақ қоюға болмайды. Осындай сұрақтар арқылы баланың психологиясын бірінші дайындап алу керек. Бала өзінің қорқынышын айтқанда, қолына фломастер немесе акварель бояуын беріп, ақ параққа сол нәрсені салуды сұраңыз. Бала бірден суретті салуға келіспеуі мүмкін, алайда кейін жаттығулар арасында, ойын арасында салып береді. Суретін салып болғаннан кейін, онда не салынғанын сұрап, ол туралы басқа не білетінін айтып беруін сұраңыз. Бұл сурет салу арқылы бала өзінің қорқатын кейіпкерімен бетпе-бет келеді. Оның сондай қатты қорқынышты нәрсе емес екенін танып-біліп, өзіне жылы қабылдай алуы керек немесе салған суретін жыртып, я лақтырып жіберуіне де болады. Бұл жаттығуға 1-2 апта уақыт бөлген дұрыс. Осы уақыт ішінде көбірек ойын ойнап, баланың сергек болуын қадағалап, ұрыс-жанжалдан аулақ ұстаңыз. Қорқынышын қағаз бетіне түсіру арқылы өмірде жоқ, бірақ баланың өзіне болатындай қорқыныштан, елестен арылтасыз.
Бала бойындағы қорқынышты жеңуге сюжетті-рөлдік ойындар да көп көмегін тигізеді. Баланың білетін ертегісіндегі жаман да, жақсы да кейіпкерлердің рөлін өзі сомдағаннан кейін, бойындағы ұзақ уақыт арыла алмай жүрген қорқынышын жеңе алады. Күнделікті балалардың ойнайтын «тығылыспақ» ойыны арқылы да бала қараңғыдан, жалғыз қалып қоюдан, тым-тырыс бөлмелерден қорықпайтын болады. Сіз тығылып, бала сізді іздесе, оның жеңіп, ойынды жақсы ойнайтынын айтып, мадақтап қою керек немесе сіз баланы іздеп, ол тығылып қалса, оны таба алмай жеңілгеніңізді айтып, жақсы ойнайтынын айту арқылы баланың көңіл-күйін көтеріп қою қажет. Осылайша баланың қорқынышын жеңуге үйретуге болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайда балаға қауіпсіз, тыныш жағдай жасаңыз. Есіңізде болсын, баланың позитивті өсуі оның айналадағы жағдайына тікелей байланысты.
Осы айтылған қорқыныштардың алдын алу үшін немесе баланың алаңдаушылығын жою үшін ата-аналарға айтылар бірнеше кеңестер:
көбіне балаға еркіндік беріп, оның достарын шақырып, бірге тиімді уақыт өткізуін қадағалаңыз; баланы жыртқыш аңдармен, полиция қызметкерлерімен, дәрігерлермен қорқытпаңыз. Өйткені бізге оның мәні болмаса да, балалар оны шын деп қабылдауы мүмкін; балаңызбен көңілді қарым-қатынас орнатыңыз; көбірек сурет салуға баулыңыз; баланы сол қалпында қабылдап, жақсы көріңіз. Ешкіммен салыстырмаңыз; өзіне деген отбасының жылуын сезінуі үшін балаға жақсы дос бола біліңіз.