- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Антикеңес: Жұмыссыз бала...
Антикеңес: Жұмыссыз бала тәрбиелеп өсіргіңіз келсе...
Жұмыс жасау арқылы адам өзінің өмір сүруге қаншалықты қабілетті екенін дәлелдейді. Қалыптасқан түсініктер бойынша, жұмыссыз адам – енжарлық жемісі. Кейде жұмыссыз адамға тән қасиеттерді ата-ананың аңдаусыз жасалған ескертуі мен тәрбиелеу тәсілі арқылы қалыптастырады. Егер болашақ жұмыссызды тәрбиелеймін десеңіз, мына кеңестерге бір көз жүгіртіп шығыңыз:
1. Баланың мүлдем бос уақыты болмауы тиіс:
Ата-ана баласын мектептен кейін түрлі курстарға апарсам, арнайы үйірмелерге жазсам, одан болашақта атақты ғалым не кәсіпкер шығады деп ойлайды.
Бірақ, мектеп жасында баланың иығына көп жүк артып, оның уақытын сыйламау жұмыссыз адамға тән қасиеттің тууына себеп болады: енжарлық пен қауқарсыздық. Өйткені, шаршаған бала өзінің не қалайтынын және неге қызығатынын білмейді. Кейін бостандық алу үшін жасөспірім шақта "өзім білемінге" салып, ата-анаға қарсы шығады.
Екіншіден, үйірмеден шаршаған бала өзін үй жұмысы күтіп тұрғанын білген бойда бар бос уақытын ештеңе істемей өткізуге тырысады. Ол көбіне бір істі аяқсыз қалдыруға, біраз уақытқа дейін созып жүруге дағдыланады.
2. Ешқашан сіздей бола алмайтынын жиі айтыңыз:
Ата-ананың баланың жетістігін өзінің еңбегімен салыстыратын жағдай жиі кездеседі. "Сенің жасыңда" деп басталатын әңгіме бірнеше жетістіктер тарихын айтумен аяқталады. Егер бала байқаудан орын алып, оқуды үздік бағаға аяқтаса, сәті түссе өзіңіздің жетістігіңізді айтып қалыңыз. Бала өзін түпнұсқаны ешқашан басып оза алмайтын көшірме секілді сезінуі тиіс.
3. Ешқашан мақтамаңыз әрі ынталандырмаңыз:
Мақтауды ұмытыңыз. Болашақ жұмыссызды тәрбиелеу үшін бала кезден оның жұмысқа деген жек көрінішін оята білу керек. "Бестік" баға үшін мақтамаңыз, үй тірлігіне көмектескені үшін алғыс білдірмеңіз, егер балаңыздың мектептегі жұмысқа деген ынтасы оянса, бірден оған қарсы шығудың жолдарын іздеңіз. Әрине, өзіңіздің жағдайыңызды айтуды да ұмытпаңыз. Қалай жұмыстан шаршағаныңыз, бастықтан сөз естігеніңіз, әріптестеріңіздің құйтырқы қылықтарын атап өтсеңіз, баланың болашақта жұмыс істегісі келмесі анық.
4. Қатаң бақылауда ұстаңыз:
Қатаң бақылау — өз мансабын қалыптастыра алмайтын адам тәрбиелеудің басты кепілі. Біріншіден, енжар болып өседі. Егер оның әр жұмысын бақылап, кез келген қателігін бетке басып әрі мың рет сұрақ қойсаңыз, ол еңбектен еш ләззат алмай, тек қате жібермеу үшін жұмыстанатын болады.
Екіншіден, өзгенің бақылауы баланың өзін-өзі ұстауына әсер етеді. Сені біреу бақылып, кейін тексеретінін білсеңіз, несіне уақыт санап, өз жұмысын бағалап, тың идеяларды іске асырып әуре болады?
Ең бастысы қатаң бақылау баланың өз-өзіне деген сенімін төмендетеді. Өйткені, оның әр тірлігін бақылап отырып "Мен саған сенбеймін. Менсіз жерде қаласың. Қолыңнан түк келмейді" деген жасырын хабарлама жібересіз. Бұл – болашақ жұмыссызды қалыптастыру үшін таптырмас кеңес.
Аталған төрт кеңесті күнделікті қолдансаңыз, міндетті түрде жетістікке қол жеткізетініңізге кепілдік береміз. Балаңыз кез келген жағдайдан, бәсекеден, сыннан қашатын болады. Өзінің бойындағы қабілеттерді тұншықтырып, беделді адамдардан жасқанатын болады.