Әр әйел затының өмірлік миссиясы өмірге сәби әкеліп, ер азаматының артына ұрпақ қалдыру. Нәрестені дүниеге әкелгеннен кейін міндеті аяқталмайды, нағыз жауапкершілігі мол міндеті енді басталады.
«Бала берсең сана бер, сана беремесең ала бер» деген қазақтың көргенді келіндері баланы адамгерлішігі мол азамат етіп тәрбиелеуде барын салады. Әйел адам өзі анадан туып, қыз тәрбиесін көзбен көріп өскен соң, ұл балаға қарағанда қыз бала тәрбиелеу оңайырақ көрінеді. Дегенмен, әр әстің қиыны мен қызығы қатар жүретіні тағы бар.
Жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүре алатын қазақ келіні өз қызы да солай өсуі үшін қандай кеңес беруі тиіс?
Мақсатыңа жету үшін ештеңе кедергі болмайды. Өзің жақсы көретін істі таңда да, бар бос уақытыңды соған арна. «Ерлер шаруасы», «әйелдер жұмысы» деген ұғым болмайды, тек «ұнайтын жұмыс», «ұнамайтын жұмыс» деген түсінік бар. Айналысатын ісің өзгелерге пайдалы болып, өзің ләззат алсаң болғаны.
Өз пікіріңді қалыптастырып үйрен. Өзінің жеке көзқарасы жоқ адам әркімнің сөзіне еріп, ізінен ерткеннің жетегінде кетеді. Ондай адамды сыйлайтындар да аз болады. Ойыңа келген сұрақтың жауабын өзіңнен сұрап, жауабын іздеп көр. Білмесең, өзгелерден сұрауға тартынба. Білмей ұялғанша, сұрап ұялған артық.
Әр кісі өзінше әдемі. Барлығының басына «айналада менен де әдемі қыз көп» деген ой келеді. Бірақ сені әлемдегі ең сұлу қыз деп санайтын адамдар да бар. Сондықтан өзіңді ешқашан ешкіммен салыстырма.