- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Америкалық инженер ұшақтан...
Америкалық инженер ұшақтан үй жасап алды
Американдық Брюс Кэмпбелл өмрінің соңғы 10 жылын реактивті ұшақтан үй жасап шығаруға арнады. 62 жастағы инженер істен шыққан "Боинг 727" ұшағын 100 000 долларға сатып алыпты. Алып "кемені" ормандағы үйіне жеткізіп, демонтаж жұмысына қажетті керек-жарақтарды сатып алуға осынша қаржыны тағы сарп қылған екен.
Дәл осы ақшаға Брюс өзі туып-өскен Орегоннан ең қымбат үйлердің бірін сатып алуға болар еді. Дегенмен ұшаққа жаны құмар ол бұл ісін "кеменің" табиғат апаттарына оңайлықпен төтеп бере алатын қасиетімен түсіндірді. Қалай болғанда да инженер демонтаж жұмыстары туралы жеке сайтына жазып, жариялап келеді.
Брюс бұл іске 2002 жылы кіріскен екен. Жақында жергілікті репортерлар оның "үйіне" қонақ болып, істелген жұмыстарды өз көзімен көріп қайтты. Инженер ұшаққа электр желісін тартып, бордтағы 3 дәретхананың біріне күрделі жөндеу жүргізіп, еденді мөлдір шынымен ауыстырып, тіпті, душ та орнатып үлгеріпті.
Дегенмен Кэмпбелл ұшқыштар кабинасына ешқандай өзгеріс енгізбеген екен. "Әрине, бұл үй кез келгенге ұнай қоймайды. Дегенмен бұл үй мен үшін жұмақ. Өз үйім - өлең төсегім", - деп ағынан жарылды ол журналистерге берген сұхбатында.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
суреттер: ©CNN