«Алып қашу» біздің қазақ қоғамындағы дәстүр деп жүрміз. «Кезінде алып қашқан», «онда тұрған ештеңе жоқ», «әлі-ақ бақытты болып кетесің»... Сонда қандай бақыт туралы айтып отырмыз? Алып қашқаннан кейін бақытты болып кететін отбасына қарап, бір көргеннен ғашық болу деген бос сөз екенін аңғаруға болады. Себебі өмірі көрмеген, танымаған адамға көз үйретіп, онымен жүре сыйласқан соң махаббат оянса, бұл нағыз сезім деп айта аламыз ба?!
Алып қашу дәл қазіргі таңда жабайылықтың бір белгісі. Себебі тапа-тал түсте өзі жас, әлі өмір көрмеген, өрімдей қызды алып қашып, әйел қылып алу қатыгездік емес пе?! «Себебі сүйемін» дейсіз. Ал оның сезімі ше? Қыздың махаббаты ше? Сіз сүйсеңіз болды ма?! Бұл дамыған қоғам үшін әлі де көшпенді даланың идеологиясынан арыла алмай, жабайылықтың кебін киіп жүргенмен бірдей. Қыз көнбеді деген күннің өзінде, оның ата-анасы ше? Бағып-қаққан әкесі мен шешесі қыздарының қолдарынан ұшып шыққанын қалап, аңсап жүрген кезде тағдырын келіп сіз быт-шыт қыласыз. Ал енді айтыңызшы, бұл бақыт па?!
Ең қызығы алып қашқаннан кейінгі қыздардың арасында болатын әңгіме мүлде басқа. «Үйреніп кеттік», «махаббат деген сыйластық қой», «көнбей қайда барамыз» дейді. Иә, көнуге тура келеді. Себебі дәстүр мен тәрбиеден аса алмайтын халықпыз. Апамыз ақ жаулығын желбіретіп, босағада жатса, құранды қойып қойса қалай аттап кетесіз. Одан қала берді жақсы көріп жүрген жаныңыз келіп сізді алып кеткенше түн ауып кетсе, «қыздың ары бұзылды» деп тоқтаймыз. Бір сөзбен айтқан кезде алып қашқан қызды қорғайтын заң ғана. Бірақ заңмен ардың мәселесін, тағдырдың мәселесін қашанғы шешесіз. Іштей адамда сана-сезім болу керек.
Сонымен түйінге келейік. Алып қашып кеткен қыз бақытты бола ала ма?! Екі жақты жауап беруге болады. Бақытты болады және бақытты бола алмайды. Таптық қоғамда әлі де өмір сүріп жатқанымыз өтірік емес. Себебі қалталы адамның қызын алып қашып кетіңізші, басыңызды дауға қалдырып қызын алып келеді. Ал қарапайым отбасының қызын алып кетсеңіз, «ұят қой», «бақытты болсын» деп артынан ата-анасы іштей қуанып, сырттай жылап шығарып салады. Мұны қалай түсіну керек? Ендеше «махаббат», «бақыт» деген сөздердің қадірін қажеттілік пен жақсы тұрмыс басып кеткені ғой.
Махаббаттың заңдылығына салсаңыз, алып қашып кеткен қыз ешқашан бақытты бола алмайды. Себебі ол сүйген жоқ, көрген жоқ, таныған жоқ. Сезініп үлгерген жоқ. Ал әлеуметтік не тұрмыстық жағдайға қарай бұл дұрыс шешім екен. Қалай алып қарасақ та махаббат құдіретті күш. Ал оны қолдан жасап алу – жасандылық.