Бұрын тілі шықпаған балаға есін білмейді, бұл не түсінеді дейсің деп онша мән бере қоймайтын едік. Керісінше, алты жасар балада алпыс жастағы адамның ойы болады. Барлығын сыртқа шығарып айта бермегенімен, түгелдей түсініп тұрады. Қазір әлі сөйлей алмайтын баланың шахмат ойнай алуы, билеуі, жүзе білуі таңғаларлық жағдай емес. Себебі нышан кез келген балада болады. Оны дер кезінде байқап, машықтандырып, қабілетін шыңдаса, кез келген бала қандай өнер түрі болса да игеріп алады. Кітап оқу машығын да өнер ретінде баланың бойына нәресте шағынан сіңіре білген жөн. Ата-анасының кітап оқып отырғанын көріп өскен бала өзі де міндетті түрде кітапқа жақын болады. Ал ата-ана өзі оқумен қатар, «есін білмейтін» баламен бірге отырып, оған оқып берсе, әсері тіпті күшті болмақ.
Баламен бірге оқу – тыңдау жүйесін жетілдіріп, мұқият қарауда зейінін арттырып, егжей-тегжейлеріне дейін аңғарып, символдарды ескеріп, мағынасына терең бойлауға, түсіндіруге, түсіну деңгейін жетілдіруге таптырмас кезең. Сәби жастағы балаға оқып беру арқылы оның зеректілігін арттыуға, таным кеңістігін кеңейтуге, толғандырған сұрақтарына жауап тауып беруге, сөздік қорын көбейтуге сеп боламыз. Одан қала берді уақытты дұрыс пайдаланып, әр сәтті кәдеге жаратуға; тентек болған, бұзықтық жасаған, көңілі бұзылған баланы басқа нәрсеге алаңдатуға; уақытында тез ұйықтап қалуға қолайлы жағдай туғызамыз. Өзіңіздің де кішкене күніңізде үлкендер ертегі айтып берсе, қиял әлеміне қалай шомып, бақыттан басыңыз айналарын ұмыта қоймаған шығарсыздар.
Үш жасқа дейінгі балалардың оқуға қызығушылығын арттырып, кітапты сүйіп өсуі үшін, иллюстрацияларды мұқият қарап, өлеңдер мен ертегілерді тыңдауды үйрету үшін кітапты қалай таңдаған дұрыс?
Туғаннан алты айға дейінгі нәресте
Кітапты оқыған кезге қарағанда оқу кезеңіне дейінгі уақыт ұзаққа созылады. Баланы алдымен екі дағдыға – тыңдай білу және назар салып көре білу қабілеттеріне үйрету керек.
Нәрестенің тыңдау қабілеті ана құрсағында жатқан кезде-ақ дамитыны белгілі, ол тумай жатып ата-анасының дауысын, табиғаттың, әуеннің дыбысын естиді. Демек, сіз оның бұл қабілетін өмірге келмей жатып жетілдіре аласыз. Аяғыңыз ауыр кезде тек жағымды дыбыстар жанында болуға, жақсы әуен тыңдап, релаксация жасауға тырысыңыз, құрсағыңыздағы балаға ертегі оқып беріңіз. Бұл жерде ертегі қандай мағынада болғаны маңызды емес, бастысы сіздің шығармашылық туындыны оқудағы интонацияңыз, ырғағыңыз, екпініңіз. Нәресте жарық дүние есігін ашқаннан кейін ол тумай жатып айтып берген ертегілеріңіз, өлеңдеріңіз, сізден естіген дыбыстары оны жұбатуға жақсы көмектеседі.
Бала күн санап өскен сайын ата-ананың репертуары да ақырындап кеңейе түседі. Балаға үйреншікті ертегілер мен тақпақтар қатарына бесік жыры, күлдіргі өлеңдер, тапқыр сөздер мен әндер қосылады. Көріп отырғаныңыздай бұл жерге кітаптың қажеті шамалы. Бірақ бұрыннан білетін, өз әжелеріміз бен аналарымыздан естіп жүрген не арнайы жаттаған шығармалар қажетке жарайды. Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Моллдағалиевтің балаларға арналған өлеңдерін жаттап алсаңыз болады.
Шақалақ сәбиіңіз көз алдыңызда күн санап өседі, өскен сайын жетіле түседі. Әлемді танудағы ең маңызды ағзасы көру қабілеті де өзімен бірге дамып отырады. Нәресте шамамен үш-төрт апталық болған кезінде көз жанарын бір жерге бірнеше секундқа шоғырландыра алады. Сонда әкесі мен анасының бет-әлпетін жаттап үлгереді. Осы шағында ата-анасы көзін салып қарауға ең маңызды нысан болады. Сіз мұны сәби риза болып қарайтын басқа да нәрселермен алмастыра аласыз. Бұл ақ-қара түсті сызықтар, ою-өрнек, геометриялық фигуралар бейнеленген картинка не ашық бір түсті үлкен жұмсақ ойыншық болуы мүмкін. Ол заттар баланың назарын біраз уақыт бойы шоғырландырып, көру қабілетін арттыруға көмектеседі, миының белсенділігін күшейтеді.
Үш-төрт айдан кейін балаға түсі мен пішіні жөнінен бұрынғыдан күрделірек нәрселер ұсына аласыз. Адамдардың, жануарлардың, көліктердің суреті бейнеленген картина, фотография, суреттерді алдына беріңіз. Олардан бөлек балаңызға үйдегі, көшедегі, айналаны қоршаған заттарды көрсете аласыз. Көрсете отырып, бала қараған нәрселердің атын атау да өте маңызды.
Сонымен, бала туғаннан алты айға дейінгі кезеңінде «оқу» үдерісі екі нәрсені құрау және шығармашылық туындыларды тыңдау арқылы жүреді.
Жалғасы бар...