- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Әлеуметтік желідегі балалар...
Әлеуметтік желідегі балалар қауіпсіздігі
Біз қаласақ та, қаламасақ та, көптеген әлеуметтік желілер бар заманда өмір сүреміз. Онда өзіміз де, балаларымыз да тіркелген. Ол жерде қажетті және қажеті жоқ ақпараттар бар. Дамыған заман болғандықтан, бала міндетті түрде әлеуметтік желіге кіреді. Бірақ, ол жерде баламызды қалай қорғаймыз?
1. Ата-ананың әлеуметтік желіде өзін ұстау ережелері
Көптеген ата-ана әлеуметтік желіде балаларымен түскен суреттерді үздіксіз жариялай береді. Тіпті, кейбіреулер әр 20 минут сайын баласын қайда апарғандығын және мектептен (балабақшадан) қашан алатындығын, яғни әр әрекетін салып отырады. Әлеуметтік желі – көптеген ақпарат алаңы, ол арнайы жобаларға, компанияларға, жарнамалаушыларға және балаларымызды қорғағымыз келетін ұрыларға да арналған ақпарат көзі. Сондықтан, жұртшылыққа балаңыздың қатысы бар ақпаратты қаншалықты жариялау керектігін ойланыңыз. Себебі арам ойлы адам ересекті алдау қиын екендігін білгендіктен, сіз берген ақпарат арқылы баламен байланысқа шыға алады. Әрине, әлеуметтік желіге салу керек деп ойлайтын нәрсені ғана жариялаңыз, бірақ бірнеше рет ойланыңыз.
2. Баланың әлеуметтік желіде өзін ұстау ережелері
Балаңыздың (қазір 6-7 жастан бастайды) әлеуметтік желіге тіркелгенін байқасаңыз, оның енді көпшілік үшін ашық екенін түсініп, онымен жеке сөйлесіңіз. Әлемде ниеті таза емес адамдар бар екендігін түсіндіріңіз. Сондықтан, "маркер-сөздерді" үйретіп қойыңыз. Бұл сөздер бірдеңенің дұрыс еместігін көрсететінін және маркер-сөздерді көрген бойда сізге келуін сұраңыз. Маркер-сөздерге мысалы мыналар жатады: "Сен сондай әдемісің!", "ата-анаң үйде көп болмай ма?", "көп саяхаттайсыңдар ма?", "ата-анаң қайда жұмыс жасайды?", "үйде жалғызсың ба?" және т.б. Балаңыздан "маркер-сөздер есіңде ме" деп әрдайым сұрап отырыңыз. Балаңыз бір күні "маған мынадай біртүрлі хат келді" немесе "Әдемісің, танысайық" деді деп қасыңызға келсе, айқайламай, сабырмен бірге сол адамның аккаунтын қараңыздар. Егер ол адам күмән тудырмаса, ендеше, бәрі жақсы уайымдайтын ештеңе жоқ. Балаңыз екеуіңіздің арасында сенімді қатынас болу керек. Бала сізге бірдеңе айтып келсе, айқай емес, кеңес еститінін білу керек.
Қазір қылмыскерлер хаттарын өзгерте бастады. Олар жасөспірімдерден көмек сұрайды. Бала өзін біреуге керек сезініп, сеніп қалады. Мысалы, "Менің сенімен құрдас балам бар. Екеуміз онша сөйлеспейміз. Көмегіңді берші, не істесе болады?" деген секілді хаттар жазатын болған. Сөйтіп, баланың сеніміне кіріп алып, басқа ақпараттар сұрауға кіріседі. Бұл жаңа маркер-сөзге жатады. Балаңыздың достар қатарындағы адамдардың аккаунтына кіріп, тексеріңіз. Оны тек бастапқы жылдары ғана тексересіз. Ары қарай бала өзі бәрін түсініп кетеді.
Балаңыздың достар қатарын оның не жазатынын басында бақылаған дұрыс. Себебі ол қауіпсіздік үшін жасалады. Кейде олардың достарымен сөйлескен сізге біртүрлі көрінетін, күлкілі хаттарын көруіңіз мүмкін. Бұл кезде оларды түзеп, араласудың қажеті жоқ. Оған өзін достарымен қалай ұстау керектігін айтпаңыз. Балаңыздың достар тізімінен сізге ұнамайтын адам болуы мүмкін, бірақ оның балаңыздың қауіпсіздігіне еш зияны болмаса, онымен сөйлесуге тыйым салмаңыз.
Қорытындылай келе, біріншіден, әлеуметтік желіде өзіңіз немесе отбасыңыз туралы өте жеке немесе ашық ақпаратты жарияламаңыз. Бұл әрекетіңізді балаларыңыз да өзіне сабақ етіп алады. Балаларыңызға өте ашық суреттер неге салуға болмайтындығын түсіндіріңіз. Екіншіден, әлеуметтік желідегі балаларыңыздың достарын өз аккаунтыңыздан тексеріңіз. Ол жақтан не тапсаңыз да, түсіністікпен қарап, баламен сабырлы сөйлесіңіз. Егер айқай шығарып, тыйым салсаңыз, бала түбінде сізге айтпай басқа аккаунт ашып алады. Үшіншіден, маркер-сөздерді балаңыздың есіне түсіріп айтып тұрыңыз және оларды көрген бойда сізге келіп айтуын өтініңіз. Содан соң оны бірге талқылаңыздар. Төртіншіден, әлеуметтік желідегі суреттерде балаңыз достарымен есерленеді. Оған тыйым салмай, сын айтпай, керісінше, түсіністікпен қараңыз. Олардың өсіп жатқан ортасы бөлек, мәдениеті басқа екенін ұмытпаңыз. Бастысы, өзіңіз бен бала арасындағы шекараны сақтаңыз. Сол кезде ол бір нәрсеге күмәнданса, кеңес сұрау үшін бірінші сізге келеді.
А. Жапатова