Әлемнің нұры - әйелдер

Қазақ халқы қыз баланы ерекше қастерлеп, құрметтейді. «Қыз өссе елдің көркі» деген халқымыз қыз баланы нәзіктік, сұлулық, мейірімділіктің бастауы ретінде санайды. Батыр да, ақын да анадан туады. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» әйелдер туралы аз айтылып, аз жазылмаған. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға әлемнің нұры – әйелдер туралы әйгілі тұлғалардың айтқан ойларының бір парасын ұсынғалы отырмыз.

Бәле тілеген әйел қонақ келгенде ауырып қалады, бата тілеген әйел қонақ келгенде дастархан жаяды.

Абылай хан

Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын, тар қылады заманын; жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын, ұшқыр қылар шабанын.

 

Жақсы әйел – жігіттің кесектен соққан кентіндей,
Сары майға былғаған алуа, шекер, жентіңдей.

Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Жаман әйел алғанның – жауы үйінде, жақсы әйел – алғанның тойы үйінде.

Шал Құлекеұлы

Әйел сұлу болмайды көркіменен,
Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме.

Абай Құнанбайұлы

Әйел табиғатының өзі осындай: тиым салынған тамырдың дәмін татып, әбден құмарынан шыққанша қинала беруге жаратылған.

Шоқан Уәлиханов

Табиғат әйелге былай дейді: қолыңнан келсе сұлу бол, қаласаң дана бол... ал саналы, ақылды болуға міндеттісің.

П. Бомарше

Әйел затының ерлігі мен қажырлылығы ер азаматқа бекзаттық, сұлулық, ақ ниеттілік, адалдық қасиеттерін бітіретініне мен мың сан мәрте көз жеткіздім.

В.А. Сухомлинский

Әйелдер адамды бесігінен бастап баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолдарынан қаланады.

Н.И. Пирогов

Дүниеде әйелдің көзінен артық қызықтыра алатын, әйелдің көзінен артық сиқырлап тартып кете алатын күш жоқ қой деймін. Байлық, бақ, мансап, тіпті қоғамдық дәреже дегендердің бірде-бірінде ондай күш жоқ. Бәрі бірге қосақталып келіп мойныма асыла кетсе, мен бәрін сілкіп тастап, оқтай қадалған әйел көзіне қарай жүре берер едім.

Әйел ашуланса – жеңіледі, еркелесе – жеңеді.

Қазақ әйелін “жан жолдасым” дейді. Бұл үлкен сөз ғой. Жаны мен жаны үндес, ойы, арманы үйлес, егіз адамбыз дегені ғой.

Ғабит Мүсірепов