Құрметті арулар, бәріміз болашақта бір отбасының отын түтетіп отыратын келінбіз, жарты жүрек жігіттің көңілін бүтіндейтін жармыз, үй ішін сәбилердің шат күлкісіне толтырар аяулы анамыз. Біздер ертең туған анамыз бен әкемізден, туған жер мен сондағы алып қара шаңырақтан ұзатылып, қайын жұртқа қарай қайырыламыз. Өйткені тұрмыс құрып, бала сүю - қыз баланың парызы. Жолдасыңыздың сізге деген тәп-тәтті сезімдерінің дәмін кетіріп алмастан әлемге аңыз боп аты тарарлықтай отбасы болу үшін көп нәрсе керек те емес. Қазірден бастап өзіңізді ене мектебі мен жар мектебіне дайындай беріңіз! Бүгіннен бастап "Әлемдегі ең сүйікті жар менің күйеуімде болады" деп сеніңіз! Сеніп қана қоймай, соған талпыныңыз!
Жар таңдауда жаңылмаңыз! Өмірдің ақтық мәресіне дейін бірге қол ұстасып баратын жанды іздеу - оңай шаруа емес. Мұндай іс көбіне ерлердің пайдасына шешілетіні тағы бар. Жігіттер талай қыздың ішінен жар боларлық жанды таңдаса, қыздар өзін таңдағандардың арасынан ғана таңдау жасайды. Бұл рас! Кейде мүмкін болмай жатса да, өмірлік жар таңдау жолында бірін-бірі кем сүймейтін жандар қосылса құба-құп. "Өзі сүю - қыздардың соры ғана","Өзің сүйгенді емес, өзіңді сүйгенді таңда!" деп жатамыз кейде. Айтуға оңай! Бастысы, жар таңдау жолында жаңылмастан, құлап жатсаңыз сүйеу болатын, жылап жатсаңыз жүрегі езілетін, қайғыра қалсаңыз, қабырғасы қайысатын, ішіңіздегіні айтқызбай-ақ ұғатын жан іздеңіз және табыңыз!
Сеніңіз, сенімді болыңыз! Қашан да болашақта жолдарыңыз қосылар серігіңізге сенуге тырсыңыз. "Сенім болмаған жерде махаббат та болмайды". Мұны шығарған мен емес, бұрыннан бар сөз. Дәлелсіз сөз деп айтуға да болмайды. Сіздің сеніміңіз берік болмай, серігіңіз сезім болмайды. Егер болашақ жарыңыз сеніміңізден шықпай жатса, онда жақсылап сөйлесіп алыңыз. Жоқ, кейінге қалдырмаңыз! Саусағыңызға неке жүзігін салғанға дейін, басыңызға ақ жаулықты таққанға дейін бәрін шешіп алыңыз! Өзіңіз де оның сенімінен шыға біліңіз! Тағдыр жібін онымен байлағыңыз келсе, расымен сүйгеніңізді тапқаныңызға көзіңіз жетсе, қажет емес, алдамаңыз!
Туыстарымен, достарымен танысыңыз! Егер болашақ жолдасыңыз сізді туыстарымен не достарымен таныстырмақ болса, одан қашудың қажеті шамалы. Демек, ол расында сізді жар етіп алуға шешім қабылдаған. Оның жақындарымен танысуыңыз оны тереңірек білу үшін өзіңізге де тиімді. Ал қалай, қайтіп таныстыру жайында біз айтқанбыз.
Шектен тыс мінезіңізді көрсете бермеңіз! Ол сізге сөз айтып жүргенде, қырсығып, қыңырлық танытқаныңыз рас. Ал енді ол сіздің жігітіңіз, болашақ жарыңыз! Бүйректен сирақ шығармайын десеңіз, орынсыз мінез танытпаңыз. Оны түсініңіз.
Сыр айтыңыз! Егер расымен сөз байласып қойсаңыз, оған сыр ашуға қорықпаңыз. Оны ең жақын жандарыңыздың тізіміне қосыңыз.
Көп ақыл айтпаңыз, көп ақыл сұраңыз! Жігіттер ақыл айтатын қыздарды онша жақтыра бермейді. Олай дегенім үшін мені жақтырмай қалмаңыз. Рас айтам, сенбесеңіз өздерінен сұраңыз. Онымен білім жарыстырып, сөз таластырғаннан пайда жоқ. Керісінше, жігітіңізден ақыл сұрай беріңіз!
Жар болуға дайындалыңыз! Тамақ жасауды үйрене беріңіз! Жоқ, күн сайын ішіп жүрген қатып қалған қағидаға айналған тағам жайында айтып тұрғам жоқ. Ол ешқашан дәмін татып көрмеген ас мәзірін үйреніңіз! Аспаздық шеберлігіңізді қазірден бастап шыңдай түсіңіз! Майда-шүйде деп ойламай ер адам киімін үтіктеудің жолдарын да біле жүріңіз! Айта берсек, көп!
Тұрмысқа шығар алдында анаңыздың жанында көп болыңыз! "Анасына қарап қызын ал" дейді. Бұрындары мән бермей жүрген біраз нәрселердің жай-жапсарына үңілу үшін тұрмысқа шығар алдында анаңыздың жанында көп болыңыз! Қыз ғұмырда байқамай жүрген жайттарды келін болар тұста ғана жақсы түсінесіз. Анаңыздың қандай жар, қанда келін, қандай ана болып жүргеніне қарап сіз де көшіңізді түзейсіз.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
сурет: facebook.com