Әлемді өзгерткің келсе – Азаматыңды сүй!
Шын беріліп сүй!
Әйел сүйген кезде құлпырып кетеді. Әлемге бойындағы жылуын, жарығын, бар тәттісін сыйлайды. Оның сезімін сезіне білген қасындағы азамат бұрынғысынан әлдеқайда мықты, жолы болғыш, сезімтал бола түседі. Азамат өзін сүйген әйелдің бойынан әлемде жоқ нәзіктікті көреді. Осы нәзіктікті қорғағысы келіп тұрады. Қос жүректің арасындағы осы үйлесім бүкіл әлемді өзгертеді!
Сені жан-жүрегімен сезінетін, сенің бойыңнан әлемнің сұлулығын көре білетін, тіпті қорқынышын жеңе білетін батыл жігітті таңда. Оның саған созған қолын қақпа. Қолынан ұстап жүрегіңе жол баста. Сенің жүрегіңнен тыныштық тауып, жан жылуыңа балқысын. Оның ауыр жүгін өзіңнің жүрек отыңмен өртеп жібер. Көзіне тік қара. Жанарының тұнығынан жүрегінде мүлгіп кеткен сезімінің бәрін байқайсың, ненің оянғанын сезесің, неге дәті жетпей тұрғанын, нені күтетінін білесің. Оның көзіне тік қара да, қарашығының түбінен күллі ата-бабасын көр. Олар қатысқан соғыстарды, ерліктерді, қай елде жүргендерін, қай уақытта болғандарын біл. Олардың қайғысын түсін, күресін бағала, кінәсі мен айыбын біл – тек айыптама, бар айыпты еркіне жібер. Оның тегіне жазылған тағдырды қабылда. Ол іздеген қауіпсіз жер сенің жүрегің екенін біл. Сенің мөлдір жанарыңның тұнығында еріп кетуіне мұрсат бер. Сен оған ашу мен долылық көрсетпе. Өйткені, сенің құрсағыңда ескі жараның бәріне ғұсыл құйып, емдеп, жазатын тәтті қуат бар.
Оған нәзіктігіңнің бүтін ұлылығын ғана көрсет. Тыныс алуыңнан әйелдік осалдығыңды сезсін. Періштеге тән пәктігіңді құшсын. Оған жүрегіңнің есігін ашып, үнемі жол беріп отыр, оның еркектік қуатының арнасы саған қарай өздігінен тасып-толуына мүмкіндік бер... Өзара үнсіздіктің ғажабын сіңір.
Сосын... Ол сенен кері шегінеді. Қорыққаннан өзінің үңгіріне қайтып кетеді. Айналаңа әже-аналарыңды шақыр. Солардың даналығын жамылып ал. Олардың ақылын тыңда. Жүрегіңдегі үрейлі қызды тыныштандыр. Оның оралатынына сен. Ол ашқан жүректің есігінің алдында махаббат әнін шырқа. Бұл ән оның жүрегіне де маза берер.
Оның жүрегіндегі кішкентай баланы қулықпен, айламен, азғырумен, өтірікпен, алдап-сулаумен шақырма... Онда қираудың өрмегіне түсіп кетесің... Жиіркену мен хаостан басқа түк таппайсың. Оның бауырлары басынан кешкен қырғын соғыстың бәрінен де қорқынышты жағдайға тап боласың. Бұл жол – нәзіктіктің жолы емес, ол кектің жолы. Бұрыс қылықтардың шатысқан шырмауының уыты. Таза әлемнің зорлануы. Мұндай қулық әйелге күш бермейді. Керісінше, қуатын сорып қояды. Себебі, бұл әрекетпен әйел оның ұрығына у себеді. Шорт кеседі. Бұл адамзаттың бәріне қауіпті. Оны анасы құшағында әлдилей алды ма, жоқ па – маңызды емес. Сен оған анасынан артық мейірім сыйла.
Қолынан қатты ұста. Жүрегіңнің түкпіріне ертіп апар. Жердің кіндігіне байланғандай сенің жүрегіңе қазығын қақсын. Талабың мен сұранысыңа лайық емес деген желеумен жанына жара салма. Оны ойлап жасыңды бұла, оның сезімін жүрегіңде тербет.
Шын беріліп сүй! Оның алдында тыржалаңаш қалуға қымсынбайтындай сүй. Тәніңмен қатар жаныңды ашуға да қысылмай сүй. Туу мен өлудің арасындағы барлық дауыл мен тыныштықтың дәмін татқызып, бірге билей алғаның үшін сүй. Сол сәтте нәзіктігіңді көрсетерліктей батыл бол! Сенің тәтті, нәзік болмысыңнан қанып ішуге мұрсат бер. Сені қолдай алатынын, қорғай алатынын сездір. Ыстық құшағына құлай сал. Сені ұстап қалатынына сен. Сені мың рет құлатып алғандар болса да осы жолы сезіміңе еркіндік бер. Азаматыңа да жол беру қажеттілігін үйрет. Оның дегеніне көне салуыңмен бір бүтінге, дүниенің тәтті жүрегіне айналатыныңды естен шығарма.
Қолда оны. Аузына бар тәттіңді тос. Еркелетуіне жол бер. Тыңда оны. Қолынан ұста. Емде. Ол да сені алақанына салады. Өзінің мықты қолдарымен қорғауға ынтығады. Тұнық ойымен, кіршіксіз ниетімен қолдайды. Сен мақұлдасаң, оның қолынан бәрі келеді.
Еріңді сүйгің келсе, өзіңді жақсы көр, әкеңді, бауырыңды, балаңды жақсы көр. Алғашқы сүйіскен жігіттен бастап соңғы айырылысқан жігітке дейін жақсы көр. Дәл қазір қарсы алдыңда тұрған азаматыңа жолықтырған әр сәттілік пен тағдыр несібесіне разылық білдір.
Оның бойынан жарқын, жаңа өмірдің дәнін тап. Өз жүрегіңе егіп, махаббатыңмен нәр беретін дәнекті тап. Қол ұстасып өсіріп шығатын жаңа әлеміңе барыңды арна.
Қазақшаға аударған: Шынар Әбілдә