- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Әлди-әлди, ақ бөпем......
Әлди-әлди, ақ бөпем...
Көптеген жас аналарымыз тәжірибе жоқтықтан сәбилерінің ұйқысына алаңдап жатады. Осындай тығырықта көмек болсын деген ниетпен мамандар кеңесіне сүйене отырып «Сәби қанша уақыт ұйықтауы керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
2-2,5 ай
Бұл уақытта сәби 17,5 сағаттан 19 сағатқа дейін ұйықтай береді. Әдетте олар 3 сағат сайын оянып жатады. "Балам неге көп ұйықтайды, неге аз ұйықтайды?" деген оймен немесе тамақтандыру үшін оятып алудың қажеті жоқ. Әркімнің өз "оятары" бар және оны өздері ғана сезеді. О баста түнгі ұйқы мен күндізгі ұйқы бірдей болғандығымен, 2 айдан кейін табиғат бәрін қалпына келтіріп, түнгі ұйқы ұзара түседі.
Күндізгі ұйқы: 4 реттен 1,5-2 сағат.
2,5-5 ай
Бұл жаста бөбек 16,5-17 сағат аралығында ұйықтайды. Оянуы да азая түседі. Түнде екі рет қана оянуы керек.
Күндізгі ұйқы: 3 реттен 1,5-2 сағат.
5-9 ай
Бір тәулікткегі 15,5-16,5 сағат ұйқы – томпиған баланың қалыпты өлшемі. Негізгі ұйқысы түнге ауысады. Қатты ұйықтайтындығы соншалықты тамақтан бас тартады.
Күндізгі ұйқы: 2-3 реттен 1,5-2 сағат.
9-12 ай
Бала күніне 14,5-15,5 сағаттан аз ұйықтай бастайды. Дәл осы жаста сәбидің ұйқыға деген қарым-қатынасы өзгере бастайды. Бұрындары ұйықтату үшін емізу жеткілікті болса, енді жағдай қиындай түседі. Бесігіне, керуетіне жатарда артында менмұндалаған қызықты ойындар қалып барады. Бұл кімге ұнайды дейсіз? "Перішетеңіз" тезірек ұйықтасын десеңіз бесік жырын айтып беруге тура келеді.
Күндізгі ұйқы: 2 реттен 2,5-2 сағат
12-18 ай
Балаға 13,5-14,5 сағат демалу жеткілікті. Оның өмірі бұрынғыдан да толыға түсті. Ол көп қимылдағандықтан көп шаршайды да, тезірек ұйықтайтын болады. Ақылы кіре бастаған бала әкесінің, апасының жұмыстан келгенін күтіп ұйқыдан бас тартуы мүмкін. Жақсы эмоцияның да маңызы болғандықтан балаға анда-санда кешірек ұйықтауға мүмкіндік беру қажет.
Күндізгі ұйқы: 2 реттен 2-1,5 сағат
18 ай - 2 жас
Бала 12,5-13,5 ұйқыны қанағат тұтады. Орталық жүйке жүйесі төзімдірек бола түскендіктен, ұзақ уақыт сергек жүре алады.
Күндізгі ұйқы: 1 рет 2,5-3 сағаттан
2-3 жас
Перзентіңіз түнде 12-12,5 сағат ұйықтайды. Осы кезеңде ол түс көріп, түсіне бастайды. Түстің жаман не жақсы болуы күндізгі күннің қалай өтетіндігіне байланысты. Балаңыз түнде жыласа міндетті түрде жанына барып жұбатыңыз.
Күндізгі ұйқы: 1 рет 2-2,5 сағат.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com