Ақша үнемдеймін десеңіз...

Ақша үнемдеу туралы аз айтылған жоқ. Қалжың қосылған мына жазбамыз есіңізде шығар. Қолданушымыз Ғалия Абилбакиева жолдаған төмендегі материал да артық болмайды деп ойлаймыз. 

Ақша үнемдеу - үлкен өнер. Отбасында ақшаны өз орнымен жұмсау терең білім мен іскерлікті қажет етеді.  Ай сайынғы кіріс пен шығысты ретке келтіріп отыру керек. Бір айға қажетті  азық-түліктің тізімін алдын ала жасап отырыңыз.

Көптеген кедергілер ақшаны орнымен жұмсамаудан туындап  жатады. Қажетті заттарды шамадан тыс алу да дұрыс емес. Айталық, сіз қонақ шақырдыңыз делік. Шақыратын қонағыңыздың санын анықтап алып барып, сол адамдарға лайықтап қана азық-түлік сатып алғаныңыз абзал. Бұл тұста тамақтың ысырап болғанынан сақ болыңыз. 


Тапқан табыс көп бола тұра, келесі айға қарызданып жататындар болады. Азғантай ақшаны орнымен жұмсап, таң қалдыратындар  да баршылық. Бұл жерде ақшаға деген екі көзқарасты көруге болады.

Айлық алғанда, ақшаңызды түгелімен үйге әкеліңіз. Әйтпеген  жағдайда, шетінен алып, қайда жаратып қойғаныңызды байқамай қаласыз. Қажет кезде алып, жұмсаймын десеңіз, қателесіз. Ертеңгі күніңізді ойласаңыз, айлық алған кезде ақшаңызды бірнеше бөліктерге  бөліңіз. Мысалы: ай сайын төлейтін  коммуналдық  төлемдер, несие, айлық азық-түлік, жол ақысы немесе жанармай ақшасы, жұмыста тамақтану ақшасы тағы басқа шығындар.

Бұдан басқа, табысыңыздың кем дегенде 10%-ын әр ай сайын жинап отыруды әдетке айналдырыңыз. Ол жаңа үйге, автокөлікке, қосымша білім алуға, демалуға арналуы мүмкін. Сондай-ақ алдағы демалыс күндеріңізді алдын ала ойластырып, той-томалаққа да ақшаңызды арнап қойыңыз.

Осылайша, кез келген уақытта ақшаңыздың қайда кетіп жатқанын бақылауды үйреніп, табысыңызды молайта аласыз. Сәттілік тілеймін!

Жолдаған: Ғалия Абилбакиева

Сурет: mani-mani.su, mishukroman.com