Әкесіз өскен баланың бәрі әлжуаз емес

Бала үшін ана – махаббат, қамқорлық, жылылық,жайлылық болса, әке – сыртқы әлемді таныстырушы, өмірде өз жолын табуға көмектесуші, абыройлы, үлгі тұтатын тұлға. Екеуінің де баланың өмірінде атқаратын қызметін бөліп-жара алмайсың. Баланың дамуы үшін екеуінің де тәрбиесі ауадай қажет. Ал Құдай әкесіз өсуді маңдайға жазса ше?.. Бүгінде қазақ қоғамында әкесіз өсіп жатқан балалар аз емес. Соғыс кезінде жаппай әкесіз қалған балаларды «соғыстың балалары» деп атайды. Бейбіт заманда оларды «толық емес отбасынан» деп мүсіркеп қарайтын болған. Тіпті мектептерде «ажырасқандардың баласы» мен «ажыраспағандардың баласы» болып бөлінетінін де естіп қалып жүрміз. Әкесінің қамқорлығынсыз қалған баланы ешкімнен кем қылмай бағуды анасы мойнына алғанымен, әкенің орнын баса ала ма? Әкесіз ұл өсіріп отырған ана қандай болу керек? Бұл тығырықтан шығар жол қайсы?

Аналарға көмек болсын деп, транзакт анализ бойынша психолог Меруерт Әбішеваға бірнеше сауал қойдық. Әкесіз өсудің қаншалықты кері әсері бар екенін де сұрадық.

«Кері әсеріне тоқталғым келмейді. Өйткені мақаланы оқып отырған оқырман түрлі фантазияға берілуі мүмкін, – дейді психолог. – Ағылшындарда мынандай жақсы сөз бар: «When woman is happy everybody is happy», яғни баласын жалғыз өсіріп жатқан ана өзі бақытты болса, баласы да автоматты түрде бақытты болып өседі. Әрине, әкесіз қалғанына баланың еш кінәсі жоқ және әрбір үлкен адам баласының толық отбасында өскенін қалайды. Үлкен адам ретінде анасы әкенің орнын толтырғысы келеді.

Әкесіз қалған ер балалардың тәрбиесіне тоқталатын болсақ, туысқандар арасында ер жігіттер істейтін жұмыстарға араластырып, қызықтырып, бос уақытында жақсы жаттықтырушысы бар секцияларға беру керек. Өйткені бала әкесінен алатын ер адамның қасиеттерін басқа тұлғалардан көріп өседі. Баланың әкесінің орнын басатын адамға тәрбиелету міндетті емес, сондай-ақ анасы ұлына «жігіт» ретінде қарау керек. Ер баланың өзі істейтін жұмыстарына араласпау, дұрыс жасамаған іс-әрекеттері үшін сөкпеу, еркіндік беру – баланың өмірлік тәжірибесін шыңдай түседі. Он-жиырма реттен кейін ер бала өз ісін жақсы жасайтын болады, қасында анасы тек қолдап жүрсе жеткілікті.

Баланың өз ақшасы болғаны дұрыс және оған ақшаның құндылығын сездіру керек. Қыз баланы құрметтеу керек екенін түсіндіру де анасының міндетіне жатады. Анасы балаға қандай тәрбие берсе, ертең ұлы сол қарым-қатынасты отбасында көрсетеді. Аналарға айтар соңғы кеңесім, ер баладан әрдайым еркектік немесе ержүректілік талап етпеңіз. Оның өз эмоциялары бар. Ер бала мен қыздардың айырмашылығы – дене бітімінде. Ер баланың денсаулығы мен өмір сүруі эмоцияларын қыспай, дұрыс шығаруына да байланысты. Сондықтан реніш-өкініш сезімін оңай бөлісе алатындай дәрежеге жеткізу қажет. Ана – махаббаттың қайнар көзі. Оны балаға бере алатын да, бере алмайтын да аналар.

– Соның ішінде қыз балаға қалай, ұл балаға қалай әсер етеді?

– Қыз бала анасымен өсе келе, басқа да үлгі тұтарлық ер кісілердің іс-әрекетін көруі қажет. Әрбір жасымызда мықты тұлғалардың іс-әрекеттері біздің психикамызды жақсы қалыптастырады. Сондай сәттерді ер балаға да, қыз балаға өмірлік тәжірибе арқылы көрсеткен абзал. Ана өзінің өмірінде не істеп жүргенін білмей, адасып жүргенде, әрине, жақсы тәрбие беру оңай болмайды. Дегенмен, өмірдің барлығы тәжірибе. Онсыз біз дамымаймыз. Әр ата-ана балаға не қажет, соның барлығын беруге тырысады. Бірақ сол беретін нәрсені құнсыздырмау қажет. Әйгілі психолог М.Эриксонның: «Өміріңде болған қиындықтар дәл қазір маңызды емес, сол қиындықтар кейін қалай әсер ететіні маңызды», – деген сөзі бар. Менің тәжірибемде анасыз немесе әкесіз өскен адамдарды білемін. Өте риза болатын жайт – олардың көбінен әкесі мен анасының сүйсініп өсірген махаббатын сезесің, өздеріне деген сенімін көресің. Бала тәрбиесін дұрыс жолға қойған еврей сияқты халықтардың тәжірибесін үйренудің де еш сөкеттігі жоқ.

P.S. «Менің әкемнің армандары». АҚШ-тың 44-президент болған Барак Обаманың алғашқы кітабы осылай аталады. Әке-шешесі 2 жасқа толғанда ажырасып кеткен Барактың өмірі күреске толы десек те болады. Оның балалық шағы қара нәсілді халықты әлі де кемсітетін кезге тұспа-тұс келіпті. Мұндайда балаға әкесінің қолдауы әбден керек еді. Дегенмен әкесімен емен-жарқын сөйлесіп, сырласа алмаса да, Барак сондай күйреуік бала болмаған секілді. Қай жерде жүрсе де, қай жерде оқыса да, тек алдыңғы шепте жүрген.

Аты аңызға айналған боксшы Майк Тайсонның да балалық шағы тәтті естеліктерге толы емес. Анасының құрсағында жатқанда-ақ әкесіз қалған Майкл әуелі әлжуаз болды, сосын жанынан адам бездірген «қиын балаға» айналды. Содан кейін барып түзу жолға түсіп, Майк Тайсон деген атағын шығарды. Әкесіз өсу баланың көңіліне қаяу түсіргенімен, соншалықты трагедия емес дегіміз келеді. Керісінше бұл жағдайды да өз пайдаңа шеше білген жөн. Алайда бала үшін әке-шешенің тең, қатар жауапкершілігіне ештеңе жетпейді…

Еврей халқының бала тәрбиелеудегі бірнеше тәсілі:

• Бала 1 жасқа толғанда тамақты өзі жеуге рұқсат беру;
• 5 жасқа толғанда қоқысты далаға шығару;
• 7 жасқа толғанда жақын маңдағы дүкенге өзі бару;
• Әр істеген ісіне мақтау айту;
• Әрқашан балаға істі сеніп тапсыру. Сену баланы қанаттандырады. Бала ол сенімді ақтауға тырысады.
• Балаға жүгіру, секіру, қыбырлау, ағашқа шығу тән. Оған жыртылған киім, кірлеген аяқ-қолдары жарасып тұрады. Үстін кірлетіп алғаны үшін жазалауға болмайды.
• Үлкенді сыйлау. Сабағына жауапкершілікпен қарау. Денсаулығына салғырт қарамау. Бұл үшеуі – еврей халқының бұлжымас тәртібі. Егер бұл тәртіпті бұзса, жазалануы мүмкін.

zhasorken.kz