- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Әкесіз өскен балалар...
Әкесіз өскен балалар
«Әуеліңе анаңа, тағы да анаңа, одан кейін әкеңе жақсылық жаса» делінген. Тоғыз ай, тоғыз күн көтерген ананың орны бала үшін әрдайым бірінші орында тұратыны хақ.
Ал әкенің орны ше? Рас, ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары отбасындағы тауқыметтің көбі аналардың иығына артылғаны белгілі. Ала қап арқалап, отбасын асырау үшін базар кезіп кеткен де аналарымыз еді.
Десе де, отбасылық тауқымет қоғамдағы әкелердің беделін түсіріп жіберді. Отбасында әкенің орны бөлек болмаушы ма еді. Өйткені әрбір ер-азамат бір отбасының ғана тірегі емес, бүкіл ауылдың, рудың, ағайынның тірегі болды. «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» деген екен пайғамбарымыз. Баланың ізгілікті болуы – Алла тағаладан десек, әдептіліктің негізі балаға әкеден дарымаушы ма еді. Ақылы мен парасаты биік аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрмет көрсетуге бейімдеді. «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөзбен балаларына тәрбие нәрін құйды. Осылайша, отбасындағы әкенің орнын парасатты аналар бір ғана сөзбен айқындап берді.
Осынау бұлжымайтын заң, бұзылмайтын қағида бүгінде неге өзгерді? Деректерге сүйенсек, елімізде 3,5 миллионнан астам отбасы бар екен. Жылына 135-140 мың неке қиылса, өкініштісі сол тіркелген әрбір некенің төртіншісі ажырасумен аяқталатын көрінеді. Өткен жылы сексен мыңнан астам адамның тағдыры тоқырауға ұшырапты. Оған бейкүнә балаларды қосыңыз. Өйткені ажырасуға арыз бергендердің сексен пайызы балалы отбасылар көрінеді. Күйкі тірліктің күйбеңі мен күйзеліске ер-азаматтар шыдай бермейді. Сол себепті де болар, ер-азаматтардың арасында өз-өзіне қол жұмсау факторлары жиі кездеседі екен. Жүрек-қан тамырлары ауруларына да жиі ұшырайтын ер-азаматтар десек, оған әйелдерге қарағанда, еркектердің тоғыз жыл кем өмір сүретінін тағы қосыңыз.
Ұлттың, қоғамның әрісі адамзаттың алтын діңгегін құрайтын отбасының азуы болашақ ұрпақтың өркен жаюына да зиянын тигізбей қоймайды. Отбасын сақтай алмай, ажырасып, жалғызілікті жүрген ер-азаматтардың көбі баласының мейіріміне мұқтаж. Бір рет жасалған қателіктің салдарынан туған баласының жүзін көре алмайтын халге жеткен ер- азаматтар да жетерлік. Отбасында әке, ер, күйеудің өз орны бар емес пе? Ер-азаматтың мысы болмаған отбасында береке мен бірліктің орнай қоюы да неғайбіл.
Әкесіз өскен ұрпақ жасық, жасқаншақ, екіжүзді, өсекке жақын, бозсөзділікке құмар болып өспеуіне кім кепілдік бере алады? Отбасында екі адамның да өзіндік орны бар. Әйел – үйдің шырағы, еркек – үйдің пырағы. Ал біз баланың тәрбиесін аналардың мойнына жүктеп қойдық та, әке рөлін бәсеңдетіп жібердік. Тіпті қыз-келіншектер арасында «әкесіз де баланы тәрбиелеуге болады» деген қасаң қағида қалыптасты.
Балаларын әкелеріне көрсеткісі келмейтін аналар да көбейді. Ана мен әкенің ортасында баланың жаутаң қағып қалатынын ұмыттық. Кейбір безбүйрек аналардың парасатсыз пайымы балалардың «тірі жетімге» айналуына жол ашты. Қоғамда отбасылық құндылықтардың да жоғалуының басты себебі – осында. Әйел мен еркек отбасындағы өз орнын жоғалтып алды. Әке орнына әке, ана орнына ана болып отырған әйелдер көп. Бұрын күйеуі қайтыс болған әйелдер ғана жесір атанушы еді, қазір күйеуінен ажырасқан әрбір төртінші әйел «жесірлік» қамытын мойнына киюде.
«Бес саусақ бірдей емес». Әрбір ажырасушы жұптың бәрі бірдей әйелдің кінәсінен ажыраспайтыны белгілі. Бірақ кінә тек қана ер-азаматтарда деп шолақ шешім шығаруға тағы болмайды. Құқық екеуіне де бірдей. Баланың тәрбиесі екі адамға да ортақ. Өмірге саналы ұрпақ әкелдіңіз бе, оның тағдырына ана мен әке де жауапты. Ендеше, біз әке құқығынан айыруға неге құмармыз? Жыл бойы алимент төлеп, баласына қажетті ақшаны беріп отырса да, баласының жүзін көре алмай жүрген әкелер жетерлік. Ал балаға мейірім әкеден де қажет.
Әрине, үй-ішінің жайлы өмір сүруі, бала-шағаның тәртіпті болып өсуі шаңырақтың діңі, темірқазығы саналатын отағасының ақылы мен еңбекқорлығына байланысты. Әйел үйдің берекесін келтірсе, әке берекеге негіз болады.
Мәселен, астаналық үш баласымен ажырасуға келген әйелдің сотқа берген арызында балаларының әкесін ешқашан көрсетпейтіндігі туралы шарт болыпты. Бірақ әке балаларын тастап, ажырасқысы келмейтінін айтып, азар да безер болып жүр. Бұл жерде сот қалай шешім шығарғаны дұрыс? Безерген әйелдің арызын тыңдауы керек пе, әлде баласынан безгісі келмей тұрған әкенің сөзіне құлақ асқаны жөн бе? Қайтсе, таразының басы теңеледі?!
Енді бір мысал, шығысқазақстандық әке баласын өмірбойы бір көруге мұқтаж болыпты. Тіпті өмірінің соңында баласының маңдайынан иіскегісі келіп, туған-туыстарын жіберсе де, қатыгез ана баласын әкесімен кездестірмей қойыпты. Баласына аманатын жеткізе алмаған күйі өмірден өте барды.
Он сегіздегі бойжеткен әкесімен кәмелеттік жасқа жеткеннен кейін ғана қауышуға мүмкіндік алыпты. «Кейбір балалар әкесін жек көріп өседі ғой. Керісінше, мен әкемді емес, анамды жек көрем. Он үш жыл бойы әкеммен араласуға мүмкіндік бермеді. Қазір әкем ауылда жалғыз өзі тұрып жатыр. Қартайған шағында әкемді тауып алдым. Анам менің бұл әрекетімді құптамайды. Амал қанша, анам қанша ренжісе де, әкемнен бас тартқым келмейді. Он үш жыл бойы балаларынсыз өмір сүрген әкемді өмірінің соңына дейін аялағым келеді» дейді бойжеткен.
Міне, мұның бәрі ажырасудан туып жатқан үлкен апаттар. Бұл апат зілзаладан да жаман. Өйткені таразының бір басында ұлттың тағдыры тұр. Бүгін әкесін танымайтын, әкесін білгісі келмейтін ұрпақ өсіп келеді. Олардың ертеңгі тағдыры қандай болмақ? Отбасылық жайлы өмірді көрмеген бала күні ертең отбасы құндылығын сақтай ала ма? Мәселе – осында.
Ертеден жеткен мынадай бір тәмсіл бар. Хазреті Хасан Басри қағбаны тәу етіп жүріп, жүк арқалаған бір жас жігітті көріпті.
– Не үшін жүгіңмен бірге тәу етіп жүрсің? – деп сұрапты.
– Арқалап жүргенім жүк емес, әкем. Қасиетті қағбаға әкемді жетінші рет арқалап әкелдім. Өйткені ол менің бойыма имандылық нұрын септі. Мені исламның көркем мінезімен тәрбиеледі, – деп жауап беріпті.
Сонда хазрет:
– Әкеңді осылай қияметке дейін арқалап жүрсең де, бір рет ренжітсең, бұл жақсылықтарыңның бәрі босқа кетеді. Егер әкеңді бір рет қуантсаң, осыншама қызметтің сауабына жолығасың, – деген екен.
Ендеше, ұлттың тазалығын сақтайтын, отбасының берекесін келтіретін Ана мен Әкенің беделін сақтайық. Баласын әкесінен бездірмейік, анасын баласынан айырмайық. Отбасылық теңдік болған жерде саналы ұрпақ өседі.
Ұлттың келешегі – саналы ұрпақтың қолында.
Ұрпақты сақтағаныңыз – ұлтты сақтағаныңыз.