- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Африкадағы балалар неліктен...
Африкадағы балалар неліктен тез жетіледі?
Ата-әжелеріміз қазіргі ата-аналардың балаларға тым баппен, еркелікпен қарайтындығына қарсылығын білдіріп жатады. «Қазіргі келіндер балаларды қолынан тастамайды, ал біз болсақ баламыздың қайда жүретінін де білмейтін едік, өздері ойнап, өздері үйренетін, көретін», – деп отырады әжелеріміз. Алайда бұл апаларымыз балаларға мүлдем сақтықпен қарамады деген сөз емес, қайта балалардың өзінше еркін дамуына мүмкіндік берген. Ал қазіргі келіндеріміз бала тәрбиесінде «асыра сілтеушілікке» барып жатады: баланың тым нәзік, босбелбеу болып өсуіне ыңғай жасап жатқан тәрізді.
Дегенмен қиын сынақта кез келген биологиялық жаратылыстың эволюциялық бейімділігі шыңдала түседі емес пе?! Ендеше, келесі ғалымдар зерттеуіне назар аударып көрейік.
Лана Карасик (Lana Karasik) бастаған психолог мамандар тобы 6 мемлекеттің балаларына зерттеу жасаған: Аргентина, Камерун, Италия, Кения, Оңтүстік Корея және АҚШ. Ғалымдар балалардың күнделікті өмірде қалай жетілетіндігіне мән берген. Психологтар зерттеуге әрбір мемлекеттен бес айлық 12 сәбиді алып бақылаған әрі олардың әрбір қимыл-қылықтарын 3 сағат бойы видеотүсірілімге жазып отырған.
Сәбидің алғашқы маңызды дене қимылдарының бірі – құйрығымен жер басып отыруы. Бала отыра алса, өз еркімен ойнап, айналасын бақылай, зерттей алады. Алайда бұл процесс әр мемлекет балаларында әртүрлі уақытта орын алған. Мәселен, АҚШ-та белгілі бір уақытта тек 2 бала ғана өз еркімен отыра алса, Италияда ешқандай бала мұндай қимыл қозғалысын жасай алмаған. Ал Кенияда 8 бала, Камерунда 11 бала (ойлап қараңыз, 12 баланың 11-і) өз еркімен отыра алатындай халге жеткен. Камерундағы балдырғандардың көпшілігі жарты сағат (28 минут) бойы тапжылмай, яғни құлап кетпей отыра алған.
Балалардың әртүрлі жетілуіне олардың ортасы себепкер болған. Мәселен, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Аргентинадағы балалар анасының қолында көп уақыт өткізген әрі төсек-жайлары да өте жұмсақ, ыңғайлы болған. Ал Кения мен Камерунның «қара» балалары көп уақытын қара жерде, қара топырақтың үстінде өткізген. Ыңғайлы төсек орын деген атымен жоқ!
«Біз бұған дейін әлемдегі балалардың барлығы бірдей уақытта дамиды, жетіледі деп ойлаған едік. Алайда олай емес екен. Бұл зерттеу көп нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, бес айлық кейбір балалар өз еркімен орындықта отыра алатындығына көзіміз жетті. Бұл – өте қызық құбылыс», – дейді Лана Карасик.
Осындайда әжелеріміздің бала тәрбиесінде қазіргі ғылым мен техника дәуіріндегі бала тәрбиесінен әлдеқайда озық тәжірибені ұстанғанын еріксіз мойындайсың.
Слямбеков Қымбат
www.tarbie.kz