Кем дегенде 1 миллион қазақстандық "Жер сағаты" шарасына қатысып, 23 наурыз күні көшет отырғызбақ.
"Жер сағаты" - әлемдегі ең көлемді экологиялық шаралардың бірі. Оған қатысушылар саны таңғалдырады. Алғашқы "Жер сағаты" 2007 жылы аустралиялық Сидней қаласында өтті. Ондағы 2,2 миллион тұрғын бір сәтте жарықтандыру мен түрлі электроқұралдарды 1 сағатқа өшірді. Шараның мақсаты - көпшіліктің назарын экологиялық мәселелерге аудару. Қазірде бұл шара 152 елдің 7 мың қаласында өтуде.
Осы жылы шараны ұйымдастырушылар көшет отырғызуды ұсынды. Қазақстанда бұл акцияға 1 миллион шамасындай адам қатыстырылмақ. Шара аясында сондай-ақ Алматы облысының Қарасай ауданында ғылыми-тәжірибелік экологиялық ұйым ашылмақ. Бұл жерде үлкен ғалымдар, студенттер, жас оқуышлар түрлі шаралар ұйымдастырып, ғылыми-ағарту жұмысы жүргізіледі деп жоспарлануда.
Қазақстан бұл шараға 2009 жылдан бастап қатысып жүр. Осы жолы 23 наурыз, сенбі күні 08.30-дан 21.30-ға дейін көшет отырғызу жалғаспақ.
Шараға сіз де қатысып, өз аулаңызға не қасыңыздағы саябаққа жас ағаштар отырғызыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: kazan24.ru