"Ыдысын көріп – асын іш, шешесін көріп – қызын ал» деген қазақ қағидасында өте зор пәлсапалық, тәрбиелілік және әлеуметтік терең ой жатыр. Демек, ұлт тұрмысы өмір салтында ас сақталатын ыдыс-аяқтарға да ерекше көңіл бөлінген. Оған жоғарыда айтылған екі ауыз мәтелдің өзі куә болып тұрған жоқ па? Ата-бабалар мен шеберлер асқа пайдаланатын ыдысты тек таза заттардан, яғни емен, қайың, арша, тағы басқа берік ағаштардан, жылқы, ешкі терілерінен, шойын, болат, алтын, күміс сияқты металлдардан ғана жасаған.
Қазан. Оның басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Өйткені ол күнделікті тіршілік құралы. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады.
Қазан шойыннан жарты шар үлгісінде құйылады, ұстауға қолайлы төрт құлағы болады. Сыйымдылығына қарай көлемі әртүрлі болады. Ең үлкені он екі қарыс қара қазан немесе тай қазан дейді. Қазан басындағы ас пісіретін адамды (әйел, еркек) қазаншы дейді. Қазан кәдімгі үш бұтты ошаққа немесе жерошаққа асылады. Бетіне қақпақ жабылады. Отырықшы жерде арнайы қазандыққа орнатылады. Көшпелі елде қазан қирамас үшін оған қалың кенеп, киізден арнаулы қазанқап жасалады. Оттан көтеріп алғанда қол күймес үшін және күйе жұқпас үшін тұтқыш қолданады.
Ошақ. Қазан асуға арналған қасиетті тұрмыс құралдарының бірі. Оны қастерлеп «қазан-ошақ» деп киелі ыдысқа қосақтап айтады. Ошақсыз қазан асылмайды. Ошақтың үш түрі бар. Біріншісі – темір ошақ. Ол нақышталып, бедерленген шеңберден, қазан түбін алақанымен көтеріп тұратын қарғашадан және үш бұттан (аяқтан) тұрады. Иегіне шығыршық орнатады. Бұрын мұндай ошақтарға ат арқандаған. Екіншісі – жер ошақ, яғни жерден екі, үш, төрт бұрыштап қазады. Үшіншісі – тас ошақ. Оны көш, еру кездерінде тастан қалап жасай береді.
Саба. Қымыз құюға арналған, ел ішінде кең таралған кәделі ыдыстардың бірі. Ол жылқы терісінен жасалады. Сабаны жасау үшін теріні жидітіп түгін сыпырып, көкетін алып, тазартып илейді. Дайын теріні талдың қабығымен бояйды. Содан соң әркім өзіне қажетті сыйымдылық мөлшерінде (шамамен 100 литр) төрт бой етіп пішіп, түбін кең, аузын арлау етіп шуда жіппен тігеді. Жоғары байлау үшін саба аузына бау тағады. Осылайша саба дайын болғаннан кейін ішін жуып-шайып, айран құйып, бірнеше күн қояды.
Мес. Қымыз, шұбат, айран тағы басқа сусын құюға және сақтауға арналған тері ыдыс. Ол бітеу сойылған ешкі (серке) терісінен жасалады. Оны жасаудың жолы былай: терінің жүнін, шелін алып, илеген соң талдың қабығымен, қынамен бояйды және ыстайды. Ішіндегі сусынды кесе, аяққа құюға ыңғайлы болу үшін мес аузына асықты жіліктің екі басын кесіп өткізіп қояды. Мес - жолаушыларға, көшіп-қонушыларға, бақташыларға сусын құйып алып жүруге өте ыңғайлы ыдыс.
Торсық. Сусын құюға арналған тері ыдыстың местен кішірегін «торсық» деп атайды. Бұл да қымыз, айран сияқты сусын құюға, алып жүруге ыңғайлы ыдыс. Торсықтың мүйізторсық, өркешторсық, жанторсық деп аталатын бірнеше түрлері болады.
Бұлқыншақ. Бұл – сусын құюға арналған тері ыдыс. Оны жасау үшін жылқының сан терісін шашасына дейін бітеу сойып алады да саба әзірлегендей жолдардан өткізеді. Сан жағына сопақшалау етіп тері тігеді, ол пайдаланғанда астыңғы жағына келеді. Аузына ағаштан, тоздан тығын жасалады.
Бұлқыншақ – ердің қасына, кереге басына ілуге, жаяудың иығына асуға ыңғайлы ыдыс.
Астау. Жоғарыда айтылғандай қатты ағаштардан тұтас ойылып жасалады. Ол табақтай емес ұзыншалау, сопақ, екі жағынан ұстауға лайықталып ернеу қойылады. Бұл ыдыс қазіргі күндерде көп қолданылмайды. Сондықтан мұны музейден ғана көруге болады. Астаумен ерте кезде ет салып тартқан.
Зерен. Қымыз, шұбат құятын қадірлі ыдыс. Көлемі де, сырты да шараға ұқсас болады. Қатты ағаштан ойылып жасалады. Шұңғыл, жиегі қалың, бүйірі тіктеу келеді. Жиегінен, бүйірінен ойып, сәнді ою-өрнек жасалады. Орнықты болу үшін жалпақ, шығыңқы түбі болады.
Шара. Бұл – қымыз құюға арналған ыдыс. Кей жерлерде тегене деп те атайды. Қымызды дастарханға апарғанда сабадан осы шараға құйып апарады. Оның ішіне 10-15 литр қымыз сияды.
Тегене. Қымыз құюға арналған қадірлі ыдыстардың бірі. Қатты ағаштан жиегі тік әрі қалың шабылады. Ағаштың өзінен шеңбер, яғни құлақ шығарады. Кейде темір, жез құлақтар қағылады. Сүйекпен, күміспен безендірілген тегененің іші кең әрі шұңғылдау болады.
Табақ – ет салынып тартылатын ағаш ыдыс. Мұны емен, қайың сияқты кепкен қатты ағаштарды әуелі қайнатып алып шабады. Іші шұңғылдау, жалпақ ернеулі, жиекті, дөңгелек, ағашы қалыңдау болып келеді. Көлемі үлкен-кішілі болып жасала береді.
Аяқ. Ағаштан ойылып жасалатын ас құйылатын, сыйымдылығы 1 литрдей шұңғыл, дөңгелек ыдыс. Оның орнықты түбі, жиегі тік, жұқа болады. Көбінесе қымыз, шұбат құйылып, сыйлы кісілерге ұсынады. Сыртын оюлап түрлі-түсті сырмен сырлайды. Балаларға лайықталған шағын түрін тостаған дейді.
Материал жазу барысында Қазақтың дарқан дастарханы. - Алматы: «Алматыкітап баспасы», 2010 кітабы пайдаланылды.