Егер сіз балаңыз өмірге келмей тұрып балаларға арналған кітаптармен дос бола бастасаңыз, қазір кітаптар туралы көп нәрсе біліп үлгерген боларсыз. Екі-үш жастағы балаларға арналған әдебиет тізімінің әр алуандығы да, ауқымы да кең, бір мақалаға сыйғызып жазу қиындау. Ал егер балаңызбен бірге кітап оқуды енді ғана бастап жатсаңыз, ол аса қызығушылық танытпай, басқаға назары ауып кете беретін болса, аздаған қулықтарға баруға тура келеді.
Оның қызығушылығын анықтап, соған қарай кітаптар жинақтауға талпыныңыз. Мысалы, балаңыз жануарларға қызығатын шығар немесе көліктерге ме – осыны басты назарда ұстаңыз.
Кітаптарды сөмкеге салып, әрдайым өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Сәбиіңізді жолға алып шықсаңыз, кезек күтіп тұрып қалсаңыз, дереу қолына кітап беріп, алдандырыңыз, оқытып байқаңыз.
Атақты ертегілер желісі бойынша үйде шағын қойылым жасаңыз. «Бауырсақ», «Шалқан», «Ұр тоқпақ», «Мақта қыз бен мысық» ертегілері үйде жүріп-ақ қоюға еш қиындық келтірмейді. Осылайша әдеби шығармалармен таныс ете түсесіз. Содан соң балаға оның сүйікті кейіпкерлері туралы кітаптарды бірге оқуды ұсынсаңыз, ол еш қарсылық білдірмей көнеді.
Кітаптарды баланың қолы жететін, ашық жерге қойыңыз. Даусыңызды шығарып оқыңыз. Тіпті бала ойнап немесе басқа іспен айналысып жатса да, оның жанына отырып, даусыңызды шығарып оқи беріңіз, ерте ме, кеш пе, бала назарын сізге аударып, қатарыңызға қосылады.
Екі жастағы бала – нағыз қиялы ұшқырланып, ойы өрістенетін шақта. Бала шығармашылыққа, рөлі бар, қиялға еркі беретін ойындарға қызығушылығы ертегі әлеміне батып кетуден бастау алады. Баламен бірге ертегі кейіпкерлерінің рөліне кіріп ойнаңыз, ермексаздан кейіпкерлердің мүсінін жасаңыз, кітап сюжетін жасырыңыз, шығармаға байланысты өзіңіз иллюстрация салыңыз.
Үш жасқа дейінгі балаларды әлемдегі ең жақсы тыңдаушылар ретінде қабылдасақ болады, себебі олардың айналаны көрсем, білсем, танысам деген құштарлығы барлығынан да артық болады. Баламен бірге кітап оқи отырып, қиял мен ғажайып әлемінің құпиясын бірге ашасыздар. Есіңізде болсын, сәбидің кітапқа деген махаббатын ояту үшін ең алдымен өзіңіз тірі үлгі болуыңыз керек, яғни тек балаларға арналған кітаппен шектелмей, жеке басыңызға қажетті әдибеттерді, көркем әдебиеттерді оқып отырғаныңызды бала көрсе, міндетті түрде қызығушылық танытады. Кітапқа деген елжіреген сезім – отбасындағы ең жақсы дәстүр ретінде қалыптаспақ.