Психологтардың айтуынша, ойын ойнау тек ермек үшін емес, балалардың толыққанды дамуы үшін қажет екен. Сәби айналасындағы заттармен, соның ішінде ойыншықтармен байыпты түрде таныса бастайды. Кей жағдайда менің балам ойыншықпен онша ойнай бермейді дейтін жас ата-аналарды естіп жатамыз. Алайда баланың әр уақытында ойнай алатын ойыншығы болатынын ескеріңіз. Басы 1 жастағы балаға арналған ойыншықтар 1 жасқа келген баланың үлкен жетістігі ешкімнің көмегінсіз өздігінен жүруі. Бұл кезде (кейде 9 айдан соң) баланың қолмен қозғау жүйесі де жақсы дамиды. Егер бұрын ол ойыншықты қолынан байқамай түсіріп алса, енді ол оны әдейі лақтырады. Үлкендерді шаршататын ойын пайда болады. Ол тоқтамастан қолындағы затты жерге лақтырады, ал шыдамды ана оны қайта-қайта көтеріп береді. Бұл ойын балаға қатты ұнайды. 1 жасқа толған бала ойыншықтарды бірінің үстіне бірін қояды және пирамида жинай алады. Зырылдауық (юла), металлофон және барабан 1 жастағы балаға арналған ойыншықтар. Оларды зерттей келе, бала түрлі дыбыс шығару үшін ұру күшін есептеп үйренеді. Осы жасқа келгенде баланы үйдегі тұрмыстық заттармен таныстырып бастау керек. Мысалы, суды немесе ыдысты қалай пайдалану керек екенін көрсетіңіз. Сәби оларды қаншалықты ертерек түсінсе, оның ойнауы қауіпсіздеу болады. 1 жастағы бала пластикалық телефон, ыдыстар жинағы немесе тарақ секілді ойыншықтарға қызығады. Себебі, ол ата-анасын қайталағысы келеді. Осы жасында бала денесін басқарып үйренетіндіктен, тепе-теңдік ұстайтын және қозғалыс координациясын ретке келтіретін ойындар ойнау керек. Мысалы, кішкентай допты лақтырып, қағу немесе үлкен допты аяғымен итеріп, орнынан қозғау. Ұзын таяқшасы бар көбелек және тербелетін ат секілді баланы қозғалтатын ойыншықтар жақсы. Сонымен қатар, 1 жастағы баланы суда жүзетін және құмда ойнайтын ойыншықтар қызықтырады. 1 жастағы балаға қағаз бен түрлі түсті қарындаш беруге болады. Ал далаға шығарда қалтаңызға түрлі түсті бор салып алыңыз. Бала ол заттың артынан із қалдыратынын түсінгенде, оны нәтижесі қызықтырып, бояйтын болады. Балалардың шимай жазуына үлкендер көп мән бермейді. Алайда ол баланың алғашқы тырысуы болып саналады. Сонымен қатар, шимай жазу баланың көз-қол жүйесін дамытады. Қорытындылай келсек, бір жасқа дейінгі бала үшін ойын мен қоршаған ортаны тануы тепе-тең. Соңырақ сюжет-рөлдік ойындар басталған кезде баланың ойыншықтарға деген көзқарасы өзгереді. Ал қазір ол үшін өмір сүру мен ойын ойнау бір нәрсені білдіреді.