Психологтардың айтуынша, ойын ойнау тек ермек үшін емес, балалардың толыққанды дамуы үшін қажет екен. Сәби айналасындағы заттармен, соның ішінде ойыншықтармен байыпты түрде таныса бастайды. Кей жағдайда менің балам ойыншықпен онша ойнай бермейді дейтін жас ата-аналарды естіп жатамыз. Алайда баланың әр уақытында ойнай алатын ойыншығы болатынын ескеріңіз. Басы 3-6 ай аралығындағы балаға арналған ойыншықтар 3-6 ай аралығында бала бірнеше қозғалыстар үйреніп алады. Мысалы, ол қашықтықтағы ойыншыққа қолын созумен қатар, аунап баруы да мүмкін. Сондықтан оған ойын алаңын кеңейту керек. Арасында баланы кілемде немесе кең манежде ойнатыңыз. Осы уақытқа дейін бала айналасын көру және есту арқылы зерттесе, енді заттарды ұстап көргісі келеді. Бұл кезеңде ойыншықтардың пішіні мен фактурасы әртүрлі болғаны жақсы. Оған пластмасса немесе резеңке ойыншықтан басқа, жұмсақ ойыншықтар да беруге болады. Дыбысы бар ойыншықтар да баланың қозғалуына көмектеседі. Мысалы, бала манежде ілулі тұрған ойыншықты қозғағанда, дыбыс шықса, ол сол дыбысты естігісі келіп, тағы да қозғауға тырысады. Сондықтан балаға бұл аралықта ащы дауысты жануарлар, ірі клавиштері бар музыкалық аспаптар, дыбыс шығаратын резеңке қуыршақтар алуыңызға болады. Мұндай ойыншықтармен орындалатын қарапайым жаттығулар көру, есту, сипау сияқты қозғалыстарға жауап беретін ми бөліктерімен байланыс орнатады. Баланың өзін қызықтырған ойыншыққа талпынуы адамның маңызды қасиеттерінің бірі мақсатына жетуді қалыптастырады. Бұл уақытта баланы шаршатуға болмайды. Алдымен бір ойыншық беріңіз. Оны әбден зерттеп болып, қызығы басылған соң ғана келесі ойыншықты ұстатыңыз. Баланы әрқашан жаңа нәрсе қызықтырады. Сондықтан уақыт өте кей ойыншықтарын тығып қойыңыз. Бірнеше күннен кейін немесе бір аптадан соң бала ол ойыншыққа жаңа затқа ұқсап қарайды. 6-9 ай аралығындағы балаға арналған ойыншықтар 6-9 ай аралығында баланың қозғалу мүмкіндіктері қиындай түседі. Ол еркін бір орыннан келесі орынға қозғала алады және еңбектей алуы да мүмкін. Кей балалар өзі тұруға тырысады. Сонымен қатар, бала затты алақанымен ұстаумен қатар, саусақтарын да қозғай алады. Бұл уақытқа дейін оның заттармен танысуы кездейсоқ түрде болса, қазір оның қозғалысы арнайы бағытталады. Баланың ой-өрісінің дамуы көп жағдайда үлкендерге байланысты. Балаға әр ойыншықпен қалай ойнау керетігін көрсету маңызды іс екенін ұмытпаңыз. Мысалы, барабанды қалай айналдыру керек, клавишті қалай басу керек немесе допты қалай домалату керектігін мұқият көрсетіңіз. Бұл жасында бала әлі де сылдырмақпен ғана ойнай алса да, оған қиын ойыншықтар (көлік, суреті бар кітап) қызық. 9 айында бала бірден екі ойыншықпен ойнауға болатынын түсінеді. Мысалы, бір ойыншықты екіншісіне ұрса, дыбыс шығатынын біледі. Бұл дыбыс оған қатты ұнайды. Ол енді текшелер мен пирамидалармен де ойнай алады. бастапқы кезде бала сіз құрастырған текшелер мен пирамидаларды бұзып тастай береді. Алайда уақыт өте ол да құрастыруға тырысады. Сондықтан бірден ашуланудың қажеті жоқ. Бұл уақытта балаға үлкен адаммен ойнаған қызығырақ. Мысалы, шапалақтау, бетіңізді жауып тығылу. Жалғасы бар...