- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қызанақты үйде...
Қызанақты үйде өсіру
Бақшаға түрлі көкөністерді отырғызуды әркім-ақ біле берер. Дегенмен, мұндай көкөністерді үйде терезенің алдында жайқалтып өсіру оңай шаруа емес. Егін науқаны басталғанымен, әр өсімдікті өсірудің, отырғызудың өзіндік сыры бар. Қызанақты ерекше ұнататындар үшін, оны өсіру өте пайдалы, бір жағынан үй іші қызанақ иісімен жұпарланады. Ендеше үй жағдайында қызанақ өсірудің қыр-сырларымен таныса отырыңыздар.
Қызанақ – жарықты жақсы көретін көкөністердің бірі. Сондықтан да қызанақ еккіңіз келсе, оны күн сәулесі көбірек түсетін бөлмеге қойған жөн. Болмаса қосымша жарық беруге тура келеді. Сол себепті көктем, жаз айларына қарағанда қыс, күз айларында оның пісуі қиынға соғады. Себебі табиғи күн сәулесі мен қосымша жарықтың арасында айырмашылық болады. Үйде өсіретін қызанақтың ірі-ірі болып пісетінін емес, кішкентай болып пісетін түрін таңдаған дұрыс. Себебі, үлкендерінің сабақтары жайылып, биік болып өседі. Ал, екіншісі үйге отырғызғанға өте ыңғайлы.
Қызанақты отырғызу үшін алдымен кішкене шыны стақан керек. Стақанның ішін топырақпен толтырып, артынша қайнаған су құйып, залалсыздандыру қажет. Топырақ суығаннан кейін 2 см шұңқырлап, ұрықты себеміз. Сосын кебу ұрықтардың 2-3 данасын тастасаңыз жетіп жатыр. Кейіннен үшеуі де бірдей шығатын болса, біреуін ғана қалдырып, қалғанын жұлып тастауға болады. Ал, ұрықтар өніп тұрған болса, 1 стақанға 1 ұрық тастап егуге де болады.
Қызанақ ұрығын өндіру үшін марганцовка қосылған суға 15 минут салып қою керек. Егер де жақсы ұрық болса, сол мезетте-ақ ісіп шыға келеді. Ал, жарамсыздары су бетіне қалқып шығады. Марганцовканы төгіп тастап, қалған дәндерді сулы матаға жайып қояды. Сосын өскіншектер шыққанша күте тұрасыз.
Стақанға егілген қызанақтың бетін полиэтиленмен жауып, жылы жерге қояды. 3-4 күн ішінде қызанақтар шыға бастайды. Осы кезде ғана стақандарды терезе алдына апара аласыз. Топырақтардың беті құрғай бастағанда ғана қызанақтарға су құю қажет. Оған дейін мұндай әрекетке бармау керек. Арада 1 ай өткенде қызанақтың сабақтары қатайып, өсе бастайды. Сол уақытта оны үлкенірек түбекке отырғызыңыз.
Қызанақ отырғызатын топырақтың құрамында шымтезек, құм, құнарлы жердің топырағы болуы тиіс. Бойы биік болып өспейтін қызанақтарды 3-5 литрлік түбекке, ал биік болып өсетіндерін 8-12 литрлік түбектерге отырғызған жөн. Ал, өсіп шыққан қызанақтың артық жапырақтарын төменгі жағынан қолмен үзіп тастау қажет. Оларды міндетті түрде қолмен үзеді. Пышақпен не басқа да құралмен кесуге мүлде болмайды. Сонымен қатар арасында сарғайған, қураған жапырақтарын да алып тастау арқылы қызанақтың тез өсуіне жағдай жасайсыз.
Қызанақты өсіретін бөлменің температурасы 26-28°С, ал түнде 15-17°С төмен болмауы тиіс. Сонда ғана қызанақ ойдағыдай өсіп шығады. Сонымен қатар қызанақты аптасына бірнеше рет жылы су құйып суғарады. 10 күнде 1 рет көң салып, қызанақ топырағын құнарландырады. Бойы едәуір өсіп кеткен қызанақ сабақтарын таяқшаға байлап қояды. Осылайша егілген қызанақтар 5 жылға дейін жайқалып өседі екен. Дегенмен, алғашқы 2 жылда ғана жақсы өнім бере алады. Қалған уақытта үйіңіздің сәнін келтіріп тұрады.
Қызанақты қай бөлменің терезесінің алдына қойсаңыз да ол жерді күн сайын немесе аптасына 1 рет желдетіп тұрған жөн. Бұл қызанақтардың жемісті болып өсуіне көп көмегін тигізеді.
Қызанақ гүлдеріне су бүрку
• Қызанақты жасанды тозаңдандырудың қажеті жоқ. Себебі ол өз-өзінен тозаңданады. Ал, қызанақтың жақсы түйнек салып өсуі үшін, енді гүлдеп келе жатқан уақытта оған су бүркіп тұру қажет. Сосын артынша су құяды. Сонымен қатар қызанақ гүлдеп тұрған уақытта бор қышқылын шашуға да болады. Алайда 1 гр бор қышқылына 1 литр су құю қажет.
• Қызанақ түйнеп, пісуге жақын қалғанда енді ғана гүлдеп келе жатқан сабақтарын үзіп тастайды. Өйткені ол қызанақтың одан әрі өсуі мен тезірек пісуіне кедергі жасайды. Осылайша қызанағымыз да пісіп жетіледі. Ең бастысы қызанақтың жақсы өсуіне жағдай жасау қажет.
Н. Үсенова