Қазақтың кең даласы халқымыздың даму үдерісіне өзіндік үлесін молынан қосты. Соның бірі киіну талғамына қатысты. Мол қаражатқа ие, қат тауарларға қол жеткізе алған дала элитасының өкілдері жаңа талғам стандарттарының пайда болуына ықпал етті. Ауқатты адамдар жаңа тұтыну өнімдеріне қол жеткізген сайын сол арқылы өздерінің әлеуметтік мәртебесін көрсетуге тырысты. Ал қол жеткізе алмағандар сол дала элитасының шығарған сән үлгісіне еліктеп бақты. Осылайша, күллі қазақ даласына жаңа өзгерістер лебі қонақтап, модернизм дәуірінің басталғанын аңғартты. Ауқатты адамдардың киімі алтын-күміс жіптермен тігіліп, інжу-маржанмен көмкерілді. Тек жас мөлшерінің есепке алынатыны болмаса, сәнді және күнделікті киімдер үлгісінде қатаң бір шектеу бола қоймады. Сәнді киім басқа тауарлардан еркін үлгісімен, көлемімен, әшекейлерімен ерекшеленіп тұратын. Тұрмыстық киімдер қарапайым матадан тігілсе, мерекелік киімдер үшін барқыт, жібек, баршын, қымбат тері қолданылды. ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында орыс пен қазақ арасында сауда-саттық тұрақты өрбіп, ХІХ ғасырдың алғашқы онжылдығында шикізат импортының көлемі күрт өсті. Ресей көбіне мақта мен матаны экспорттайтын. Ресейлік тауарлар біртіндеп Орталық Азия өнімдерін ығыстырды. Нәтижесінде, ХІХ ғ. орта шенінде қазақтар сатып алынған маталардан киім кие бастаған. Қазір суреттерде бейнеленіп жүрген костюмдер тым жаттанды, біріне бірі ұқсайды. Элита киген шекпен мен бас киім суретшілердің қиялы. Ал қазақ костюмдерінің тарихы тым аз зерттелген. ХVІІІ-ХХ ғасырдың құжаттық дереккөздерімен танысқан тарихшылар қазақ киімдері туралы өте қызықты ақпаратқа кез болады. Шапанның сан алуан түрлері, олардың стилі, түстері, сән элементтері мен ою-өрнегі таң қалдырған. Қазақ ақсүйектерінің киімдері әртүрлі стильдер мен үлгілердің жиынтығымен ерекшеленді. Қазақ ою-өрнектерінің бай және алуан түрлі болғанын Ресей Этнографиялық музейіндегі жәдігерлерден де байқаймыз.Түс киімнің образында үлкен рөл ойнады. Билеуші элита өкілдерінің сәнді киімі болып саналған шапандар, көбінесе қызыл, алқызыл, қоңыр қызғылт, қызылкүрең реңкті барқыт немесе қырмызы маталардан тігілді. Бірақ ХVІІІ ғасырдың соңына таман бұл киім түрін күрделі фасонды және әр түсті қамқа киімдер ығыстыра бастады. Бірқатар жазбаша дереккөздерде сәнқой және талғаммен киінуді білетін Жәңгір хан туралы баяндалған. Замандастары оны меруерт тасты жасыл, күлгін, алқызыл түсті шапанда, біресе қамзолда, енді бірде орыс әскері офицерінің формасында суреттейді. Сонымен қатар қазақ сұлтандары мен қожалары ашық, түрлі-түсті жібек және басқа маталардан тігілген ортағасырлық шекпендер киді. Сондай-ақ қару-жараққа да қатысты сән болған: бір қылыш гауһар тастармен безендірілсе, енді бірі алтынмен, күміспен қапталып, бір-бірінен ерекшеленетін. Қазақ билеушілері киімнің сәні мен таңбалық элементтеріне аса мән бергенін Нұралы, Ералы және Абылай хандардың патша өкіметімен жазысқан хаттарынан да көруге болады. Хандар бас киімнің жиегіне арналған терінің сапасы төмен немесе реңі дұрыс емес деп орынборлық шенеуніктерді бірнеше мәрте айыптаған немесе патшалық шенеунік осы заттардың егжей-тегжейін білмегендіктен, олардың хандық абыройын есепке алмай, қара түлкі терісінің орнына сары немесе ақ түлкі терісін жібергенде, олар қорланатын болған. Киімнен басқа үлкен семантикалық жүкті қазақтардың зергерлік әшекейлері алып келді. Ғылыми және ғылыми-көпшілік баспа өнімдерін безендіру барысында және де қазіргі декоратив қолданбалы өнерде, кілем өнімдерінде бір ғана ою-өрнек қолданылып жатыр. Сонымен бірге, дала билеушілерінің зергерлік әшекейлері мен мөр таңбалары ою-өрнектердің әлдеқайда мол болғанын көрсетеді. Бірақ оларды біздің суретшілер мен декоратор-шеберлер аз зерттеген. Басқа елдермен белсенді тауар алмасу нәтижесінде қазақ даласына импорттық бұйымдар кіре бастады, бірақ оған дала қоғамының элитасы ғана қол жеткізе алды. ХІХ ғасырдың ортасынан көйлектер негізінен ресейлік ала шыттан, қытайлық және басқа да фабрикалық қағаз маталардан тігіле бастады, сонымен қоса ақ маталар да қолданылды; ал бір түстес маталар көйлек тігуде өте сирек пайдаланылды. Сырттан әкелінген маталарды көбінесе ақсүйектер тұтынды. Қазақтардың негізгі бөлігі былғары, тері, үйдегі жүннен жасалған бұйымдарды қолданды. Бай әйелдер көйлектерін жібектен, атластан, барқыттан, зерлі маталардан тікті; олар ерекше үлгімен ерекшеленген жоқ. Оны күнделікті көйлек үстінен немесе ішіндегі көйлек сыртынан киді. Жас келіншектер мен қыздар өз көйлектерінің кеуде тұсын, етегі мен жеңін кестелеуді және жапсырмалармен әшекейлеуді сәнге айналдырды. Алдыңғы жағадан етегіне дейін тұтас сызықпен шекпенді әшекейленгендей жапсыра тігу сирек кездесетін. Кестеленген желбіршегі және әшекейлері бар көйлектерде әшекей бұйымдар көйлектің ашық жерлері мен тігістерін жауып тұратын. Бай әйелдер сәндік шапандарды қымбат матадан тігіп, кейде оны оқамен, кестемен және терімен әшекейлеген. Бірақ ХХ ғасырдың ортасында сәнді киім ретінде ұзын жеңді қамзолдар саналды. Сәнді, қымбат әшекейленген шапандар үйлену киімі ретінде де сақталып отырды. Қазақ қыздарының жылы киімдері ер киімдеріне ұқсайды. Қыздардың жеке қысқы киімдері тек бай отбасыларда болған, бірақ тонды қыз жасауының негізгі киімі ретінде беретін. Әйелдердің тонын көбінесе түлкі терісінен жасады. Кейде елтірі, ешкінің терісінен тігетін. Байлар тондарын кәмшат терісінен немесе басқа да бағалы мамықты аң терілерінен тікті. Астарлауға ашық түсті қымбат мата (жібек, барқыт) көбінесе атлас және басқа да қағаз маталарды қолданды. Тонның ішкі шеттері мата кесіндісімен тігіліп, сырты түлкі немесе кәмшат терісімен көмкерілді. Кейде тонды барқыт немесе оқалы жолақтармен әшекейледі. Қазақ қыздарының киіміндегі бір ерекше дүние алдыңғы жағы тігілмеген белдемше (юбка) тәрізді қаусырма киім. Бай әйелдер белдемшені барқыттан немесе жібектен тігіп, оқа және кәмшат терісімен көмкеретін. Белдікті барқыттан, қамқадан, шұғадан жасады: олардың пішіні мен әшекейлері былғарыдан кем болған жоқ. Олар қатты негізге (киіз, былғары, тігісті мата) тігілді және кейде төменгі жиегі маржандармен, ұсақ моншақтармен безендірілді, кейде мыс немесе күміс оюлармен, тастармен сәнделді. Кейбір бай қыздар сән қуып, зергерлер жасаған оюлы күміс белдіктерге құмар болды. Сондай-ақ Солтүстік-Батыс Қазақстанның бай қыздары (Бөкей ордасы, Кіші жүз) ашық түсті барқыттан тігіліп, алтынмен зерленген ерекше тақия киді. Қазақстанның оңтүстігінде тұрмысы жақсы қазақтар өз қыздарына көбінесе өзбекше жасалған, ал солтүстік пен батысында татар нақышта жасалған тақиялар сатып алатын болған. Бай қыздар мен келіншектер әшекейленген аяқ киімдерге әуес еді. Сәнді етіктер мен кебістерді жасыл және қызыл былғарыдан, сафьяннан, ал ХХ ғасырда фабрикалық лакталған былғарыдан тікті. Ерлер киімі екі түрлі көйлектен, ішкі және сыртқы шалбардан, жеңіл сырт киімнен, әртүрлі маталардан тігілген жіңішке және кең арқалы шекпеннен тұрды. Былғары және мата белдеу костюмнің міндетті бөлшегі саналды. Бай адамдар өздерінің байлығын көрсету үшін, тіпті жылы ауа райында бірнеше шапан ауыстырып киетін болған. Тысталған тонды (ішік) өте бай адамдар киген. Олар бағалы аң терілерінен тігілді. Ішікті шұға, барқыт, жылтыр атласпен қаптаған. Қайырмалы үлкен кең жағаға мамық жүнді аңның терісін пайдаланған.Бай адамдар барқытпен қапталған, кестеленген, күміс жиынтықты, түрлі түсті тастармен көмкерілген жалпақ белдіктер тағынды. Танымал адамдарға қалпақты арнайы жібек және алтын жіппен кестелеп, ши барқыттан тіккен.ХІХ ғасырдың басында биік өкшелі қайқы тұмсықты аяқкиім атқа мінгенде ыңғайлы болды. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ресейлік фабрикалар өндірген былғары етіктер кеңінен қолданыла бастады. Қорыта келгенде, қазақ даласында, қазақ қоғамының барлық салаларында, оның ішінде сәндік және қолданбалы өнерде үнемі өзгерістер болып отырған. Ұлттық киім үлгісі киім иесінің әлеуметтік көрсеткіші болды және иесі туралы белгілі бір ақпарат беріп, оның қоғамдағы алатын орнын айшықтады. Сирек және қымбат өнімдері бар адамдар қоғамдағы әлеуметтік мәртебесін көрсетті, сол арқылы қоғамның белгілі бір шеңберде өз орнын атап өтуге тырысты. Біздің жағдайда бұл мақала П.Бордьенің теориясын дәлелдейді яғни, әр адам киім-кешек арқылы өзі туралы әртүрлі ақпарат бере алады. Б.Нұрғожинаaikyn.kz