- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Қатыгез балалар мен...
Қатыгез балалар мен қайырымды жан
Қазір таң қалатын нәрселер қалмай бара жатқан сияқты. Заман ағымымен барлық сала үре дамып, адамзат өркениеттің шыңырау шегіне тақап барады деуге болады. Осындай технология дамыған дәуірде адам факторы бірге ілесіп отыратыны хақ. Туған әкесінен безінген тасжүрек ұл мен қыз, нәрестесін қоқысқа тастап кеткен кеткен мейірімсіз аналар мен туған бауырын балталап тастап жатқан қаныпезерлердің адам түршігерлік әрекеттерін көріп жағаңды ұстап осындайда болады екен деуге тура келеді.
Мына бір оқиғаны таныс ағамыз әңгімелеп бергенде "Апырай, қазақ жастары арасынан да осындай қатыгаздік, мейрірімсіздіктің етек алып бара жатқанына кім кінәлі?" деп қаламыз. Ата-ананың тәрбиесі ме дейін десең, қайсы ата-ана балаларына теріс тәрбие береді деп ойлайсың?! Ал қоғам дейін десең, қоғам сол баяғы, әлде өскен орта ма екен деген шешімге келгендей боласың. Қалай десек те айналада болып жатқан оқиғаларды көре-біле отырып қапаланасың.
Жуырда мен көрші ағам Ерболат Алиядиннің айтқан бір әңгімесінен кейін, қалың ой түбіне қамалып, еріксіз қолыма қалам алдым.
Әңгімені тыңдап болғаннан кейін, көршімінің үлкен адамгершілікке барып, жасаған харекетіне риза болсам, туған әкесін бейнебір тозығы жеткен киімдей тастап кете барған тасжүрек ұл мен қыздың ісіне жаным күйіп, терең бір күйзеліске тап болдым.
Бұл оқиға былай болған екен. Бір күні кешқұрым үстіне жағалы пальто киген толық сары келіншек пен қараторы бір жігіт келді. Жандарында бір қария бар. Ерболаттың үйінің есіген қағады. Беймезгіл уақытта жүрген кім екен деген оймен үй иесі есікті ашады.
Отағасы қарсы алдында тұрған шал мен орта жасы 30-35 шамасындағы еркек пен әйелдің келген шаруаларының мән-жайын сұрайды. Сонда әйел тұрып:
- Ағасы,біз уақытша тұра тұруға пәтер іздеп жүр едік, көше бойлап сұрастыра келіп, Сіз пәтер жалдайтындарды үйіңізге жіберетініңізді естігеннен кейін келіп тұрған жәйіміз бар. Ренжімесеңіз мына әкемізді екі-үш күн үйіңізде паналата тұрсаңыз жақсы болар еді. Біз бұйыртса 3 күннен кейін келіп атамызды алып кетеміз, - деп өтіне сұрайды.
- Жарайды, олай болса - деп пәтер иесі келгендерді ішке ертіп кіріп, бос бөлменің кілтін береді. Ал әлгі алақ-жұлақ етіп тыныш тұра алмай тұрған, жаңағы қарияның ұл мен қызы әкесін пәтер ішіне кіргізе салып, зып беріп, қақпадан сыртқа шығып кете барады.
Міне, сол кеткеннен үлкен кісінің балалары ұзағынын кетеді. Осылайша қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсірген ұл мен қызы әкесінен безінеді. Ал қария болса еш шарасы қалмай, үн-түнсіз көз жасын сығып, күн ұзақ жолға қараумен күнін өткізіп қала береді.
Пәтер иесі Ерболат бес уақыт намзын бұзбай, құдайға құлшылық етіп жүрген діндар, қайырымды адам болатын. Туған ұлдары өзекке тепсе де мен кешіріммен қарайын деген оймен Ерболат қартты қолына алып, қолынан келгенше бағып-қаға бастайды. Сөйтіп жүргенде күндер зулап, айлар алыстай бастайды. Ал әлгі екі-үш күнде келеміз -деген балаларынан хабар біржола үзіліп, ұмыт бола бастайды.
- Апырай, осындай да тас жүрек балалар болады екен. "Қой, мен оларды өзім іздеп көрейін" деген ойменен Ерболат ағамыз жан-жаққа іздеу салып шығады. Ұзақ уақыт әбігерге түскен пәтер иесі, ақыры олардың мекен-жайларын тауып алады. Сөйтсе ұлы мен қызы қалада тұрады екен. Екеуінің де үй-жайлары бар, бақуатты жанұялар болып шығады.
- Әй, құдай атқандар әкелеріңді маған әкеліп тастап кеткелі міне айдың жүзі болды. Неге келмейсіңдер? Қарияны қаңғытып тастап кететіндей, сендерге не қыспақ көрсетті – деген сұрақты екеуіне бірдей қойған кезде;
- Біз ол кісіне асырай алмаймыз, өзіміздің бала-шағамызды баға алмай жатқанда, жатып ішер артық адамның бізге қажеті шамалы - деп жауап берген екен сонда тасжүрек балалары.
- Астапралла, осындай да болады екен, - деп жағасын ұстаған пәтер иесі сағы сынып, салы суға түсіп үйіне келіп, осы жәйді жары Сәулеге баян етеді. Сонда келіншегі тұрып:
- Қой отағасы балалары ардан-ұяттан безген болып тұр ғой. Ондай әкесін қор еткен шөпжелке қыз бен жарымес ұл Алланың қарғысына жолығады әлі-ақ. Пайғамбарымыздың хадисінде "Ата-анасын бағып-қағып риза етпегендер қор болсын" - деген. Ендеше бұл қарияны өзіміз баға берейік. Қанша өмірі қалды дейсің, қиналмай Алланың сауабын алайық - депті.
Міне, баяғы Қарашаш, Домалақ аналардың кемеңгерлігіндей жолдасының мынандай ойлы айтқан сөзінен кейін үй иесі қартты қамқорлығына алып, өмірінің соңғы сәтіне дейін туған әкелеріндей құрметпен бағып қағады.
Қарт естуімше, жуырда қайтыс болыпты. Ерекең молда шақырып жаназасын оқытып, мұсылманша соңғы сапарға шығарып салған екен. Қайтыс болған қарияның мәйітін Ұзынағаштағы өзінің шешесі жатқан жердің жанына қойыпты.
Міне, осындай қабырғаңды қайыстыратын оқиға ата-анасына суық қарап, сырт айналған қатыгез, тасжүрек балаларға сабақ болса деген оймен жазып отырмын.
Ата-анаң сені түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсіреді. Сен қуансаң қуанып, сен мұңайсаң мұңайып, Алладан тек сенің амандығыңды сұраумен таңы атып, күні батады. Балам-балам, жанбалам - деп жүргенде сенің түсінбейтін тоң мінез болуың қасірет, үлкен күнә деп білемін.
Ата-анаңды Меккеге он рет арқалап апарсаң да парызынан құтыла алмайсың -деген сөздің мән-мағынасына көз жүгіртейікші. Ата-ананың алдын кесіп өтпейтін қазақ деген ұлы елдің ұрпағы емес пе едік?!
Олай болса ата-анаға бар жақсылықты көзі тірісінде жасап, ақ батасын алып отырсақ, басты парызымыздың бір түйірі орындалған болар еді.
Ерболат Алиядин (сол жақта) мен мақала авторы
АҚЫН ОРДАБАЙҰЛЫ
журналист