15 сәуір – ғашықтар күні

15 сәуір – ғашықтар күні
Фото: Yernar Almabek/Massaget.kz

15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян сұлу ғашықтар күні ретінде мереке болып аталып келеді. Бұл күнді атап өту туралы бастама 1999 жылы көтерілген болатын. Аталған мереке ХIV-XV ғасырлардағы Қозы Көрпеш –Баян сұлу махаббатарының символы ретінде аталып өтіледі. 

Биыл Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік филормонияда ғашықтар күніне орай "Екі ғашық" атты эстрадалық концерт ұйымдастырылды. Мерекелік концертте отандық махаббат әндері мен халық әндері ұсынылды. Концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Майра Нүркенова, Қияқбай Асамбаев, Азамат Жылтыркөзов, "Мәдениет қайраткерлері" Естай Мұқашев, Майра Дәулетбақ және ҚР Еңбек сіңірген әртісі Гүлзира Бөкейхан тағы басқа елімізге белгілі әншілер өнер көрсетті. 

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күнінің тарихы

Жыл сайын бұл мереке 15 сәуір күні аталып өтеді. Мәңгілік махаббат символына айналған Қозы мен Баян күнін алғаш 1999 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Дархан Мыңбай ұсынған еді. Ол жастар ұйымдары, оқу орындары мен бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттық ғашықтар күнін мерекелеуге шақырды. Дархан Мыңбайдың бастамасы көптің көңілінен шыққаны рас, бірақ мерекенің нақты датасы көпке дейін белгіленбей, әр өңір әртүрлі тойлай бастады. Мәселен, Таразда 15 сәуір — Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні, Семейде 11 наурыз – Баян күні, ал Қызылордада 19 мамыр – Қозы күні аталсын деп жан-жаққа тартты.

2011 жылы Алматы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді – Ұлттық ғашықтар күні ретінде өздерінің ресми шараларының қатарына қосты. Ал 2012 жылы елордадағы Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері махаббат күнін қазақтың ұлттық "Ақсүйек "ойынымен жаңғыртып, жастар ойын-сауығын ұйымдастырды. Дәл сол жылы Көкшетаудың ерікті жастары да Қозы мен Баян күнін Тәуелсіздік алаңында атап өтті. Содан бері қос ғашықтың кіршіксіз сезімін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге негізделген мерекені тойлайтын жастардың саны біртіндеп артып келеді.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу жыры Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді. Қозы мен Баян эпосы Сыбанбай, Бекбау, Жанақ, Шөже ақындар арқылы ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетті.

Бүгінде 20-ға жуық нұсқаның ішінен ең белгілісі – Жанақтың нұсқасы. Махаббат жыры Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, бел құда болуынан басталады. Екі әке серттесіп, Қозы мен Баянды қоспақ болады. Бірақ, аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай баласын көре алмай қаза болады. Уақыт өте, дүниеқоңыз Қарабай "қызымды жетім ұлға бермеймін" деп, бір кездері отарын жұттан құтқарған Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың қосылуын қаламаған Қодар айласын асырып, Қозыны өлтіреді. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян Сұлу өш алу үшін қулыққа басады. Ол Қодарға құдықтан су алып берсе, оған күйеуге шығатынын айтады. Қыздың сөзіне сенген Қодар оның бұрымынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, Баян бұрымын кесіп тастайды. Осылайша, Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап өледі. Содан кейін Баян ғашығы жатқан күмбезге келіп, өз-өзіне қол жұмсайды. Белгілі жазушы, драматург Ғабит Мүсіреповтің осы аттас пьесасы бар. Шығарма 1939 жылы сәуір айында жазылып біткен. Баян Сұлу – Қозы Көрпеш трагедиясы алғаш рет 1940 жылдың 29 сәуірінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сахналанды. Ал 1992 жылы Асанәлі Әшімов түсірген "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" кинокартинасы көрермендерге жол тартты. Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу кесенесі бар. Былтыр қаңтар айында мазар "Қазақстанның киелі жерлері" тізіміне енді.

Massaget.kz