1 жас 6 айға толғанда баланы балабақшаға беруге болады. Осы жастағы дені сау бала не істей алуы керек?
Заттарды пішініне, көлеміне, түсіне қарай ажырату: Дөңгелек пен төртбұрыштыны ажырата алады, ересек адам сұрағанда қайсысы дөңгелек, қайсысы төртбұрыш екенін тауып береді. Үлкен, кіші заттарды бір-бірінен ажыратады. Ересек адам алдымен "мынау кіші, мынау үлкен" деп үйретуі керек. Пирамида құра алады. Екі-үш түсті біледі. "Мына түсті тауып бер" деген сөзге түсінеді. Қағазға тіке, дөңгелек сызықтар салады. Ойын: Кітаптың беттерін парақтап, былдырлап оқиды. Дөңгелегі бар заттарды итеріп жүреді. Бауы бар ойыншықтарды сүйрейді. Ойнап жатқан кезінде бір-екі әрекетті жиі қайталайды, мысалы, қуыршақты ұйықтатады, тамақтандырады. Іс-қимыл: Біреу жылап жатқанда аяп, өзі де қосылып жылайды. Жылап жатып, күле салады. Күліп жатып, жылай салады. Басқа кішкентай балалармен жақсы ойнайды. Өз ойыншығын басқа балаға бермейді, алып қойған жағдайда тартып алады. Ересек адамның назарын іс-қимылымен, жылап, қолынан тартып өзіне аудартады. Ересек адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайды. Олардың іс-қимылын қуана бақылайды. Анасы бір жаққа кететін болса, жылайды. Біраз уақыт сағынып отырады. Бір ойыншықты екінші ойыншыққа салғанда қуанады. Істей алмаса жылап, айғайлап, шыңғырады. Әнді естісе билейді. Тілі: Ересек адам сұрағанда дене мүшесін көрсетеді. "Басың қайсы?", "Мұрның қайсы?" секілді сұрақтарға басын, мұрнын көрсетіп жауап береді. Көп сөзді, көп сөйлемді түсінеді. Ересек адам сұраған іс-әрекетті істейді. "Отыр", "тұр", "жүр", т.б. сөздерді түсінеді. 40-қа дейін қысқа сөздерді айтады. Айтқан сөзін қимылымен түсіндіреді. Мысалы, "жүр" деп ересек адамды қолынан тартқылайды, т.б. Басқа да әрекеті: Қасықты қолымен ұстап, өздігінен тамақтанады. Шыныдан төкпей іше алады. Физиологиялық қажеттіліктерін ересек адамға айта алады. Жуындырған кезде қорықпайды. Физикалық дамуы: Өзі жүреді. Алдындағы заттан аттайды. Сатыға шығып, түседі. Орындықта өздігінен отырады. Допты жоғарыға, төменге лақтырады.