Виртуальды LUX саяхат

Жаз айындағы демалыс күндеріне аз уақыт қалды. Бір сәтке көзіңізді жұмып, осы жазда қандай саяхатқа барғыңыз келетінін ойлаңызшы. Мальдив аралдары, Прага, Үндістан не Монако... Бұлар тек сіздің армандарыңыз болып қала береді деп ойлайсыз ба? Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, егер де сіз арманыңыздың орындалатынына шын сенсеңіз, олардың бір күні орындалуы әбден мүмкін. Бүгінде бізбен бірге армандап, осы елдердің ең керемет деген қонақ үйлеріне төрлетіңіз.

Прага. MOODs

MOODs - Прага орталығындағы көңіл көтерудің бірден-бір орны, бутик-қонақүй. Roman Vrtiska мен Vladimir Zak дизайнерлерінің Праганы түрлендіру мақсатымен жасалған ойы осы қонақүй болды. Ол 2011 жылғы Traveller журналының рейтингі бойынша, Еуропаның ең жақсы қонақ үйлерінің қатарына кірді. 90-жылдары бұл ғимарат банк еншісінде болған екен. Бүгінде MOODs-та 52 керемет қонақ бөлмесі мен үлкен мәжіліс залы, массаж салоны мен бар орналасқан.

Ол өзінің атауын басқа қонақ үйлерден ерекше, ешқайсысына ұқсамайтын атмосфера үшін иеленді. Бұның басты себебі - ішкі интерьерінің мүлдем басқаша орындалуы. Қонақ үйдің көп бөлігі ағаш, бамбук, мүк сияқты табиғи заттармен сәнделіп жасалған. Оған қоса, заманға сай бетон, әйнек, басқа да заманауи заттардан жасалынған бөлмелер мен технологиялық жаңалықтар орын алған. Тапсырыс бойынша жасалынған жиһаз, біртүрлі қызық жарықтандыру интерьердегі бас орынды ұсақ-түйектер мен графикалық элементтерге аударады.

Мальдив аралдары. Ayada Maldives

Мальдив аралдары бұрыннан бері керемет демалыстың символына айналды. Жердегі жұмақ атанған аралда жақсы не жаман қонақ үйлер жоқ. Олардың барлығы бірдей керемет. 

Соның ішіндегі Ayada Maldives - 2011 жылдың қарашасында салтанатты түрде ашылған қонақ үй. Maguhdhuvaa атты аралдың 150 000 шаршы км жерінде 112 жеке вилла тұрғызылған. Бұл қонақ үйге келген бойда, сіз жоғары дәрежедегі қызмет көрсету мен теңдесі жоқ салтанаттың ортасына түсесіз. 7 мейрамхананың біріне барып, маман-аспазшының жоғарғы сапалы әрі таңдай қақтырарлық дәмді тағамдарынан дәм татасыз. Содан кейін, өзіңізге AySpa Spa & Health Club спа салонында рахат алар сәттер сыйлаңыз. Балалар клубы, дайвинг орталық, су спорттарының түр-түрі зерігуге әлбетте, жол бермейді. Алайда жай жатып, демалып, ештеңе істемеймін деушілерге де бар жағдайлар жасалған: Үнді мұхитының керемет табиғатын бассейн маңындағы жеке терассаңызда тамашаласаңыз болады. Мінсіз қызмет көрсету мен жайлылыққа кепіл беріледі. Үй, жұмысты ұмытып, демалыстан ләззат алыңыз.

Үндістан. Raas Hotel

Raas Hotel Үндістан, Джодхпур қаласында орналасқан. Ол 2011 WAF байқауы бойынша, ең жақсы қонақ үй ғимараты атағын жеңіп алды. Өзінің дәмдеуіштері мен иістерімен, түрлі-түсті көйлектерімен әйгілі экзотикалық елде орналасқан. Люкс дәрежелі қонақ үйдің ғимараты 17-ғасырлық Walled City of Jodhpur атты қамалдың бөктерінде орналасқан. Raas Hotel бұл бағыттардың эклектикалық қосылуы, ескі мен жаңаның үйлесімі. Бұл жердің ландшфты дизайны да архитектурасына сай, сондай-ақ, бөлмелердің интерьері, спа салондар мен мейрамханалардың орындалуы да ерекше. 32 кең бөлмесі, 7 эксклюзивті люкс нөмірінде жатын бөлмесімен қоса, кең қонақ бөлмесі бар. 

Монако. Fairmont Monte Carlo

Монако - салтанатты өмірдің нышаны. Әлемдік бай, элита қауымының жиналатын ең мәртебелі шаралардың өткізілетін жері. 1975 жылы осы жерде ашылған Fairmont Monte Carlo қонақ үйі әр уақытта әртүрлі атаумен белгілі болған екен. Уақыт өте, ол 45 миллион евроға жөндеуден өтіп, жаңа атпен таныла бастаған. Бұл қонақүйде шегі жоқ рахатқа батып, өзіңізге еш ұмытылмас демалыс сыйлаңыз. Еуропадағы ең үлкен қонақүйлерінің бірі Fairmont Monte Carlo-да әртүрлі деңгейдегі 602 бөлме бар. Сондай-ақ бұл жерде 2 мейрамхана, 18 мәжіліс залы, қонақ үй шатырындағы жылытуы бар бассейн, Willow Stream Spa атты керемет спа орталық бар. 


Бүгінгі виртуальды LUX саяхатымыз осымен аяқталды. Тағы да қайталап өтейік, армандаңыз, армандарыңыздың орындалатынына еш күмәнданбаңыз. Болашақта осындай керемет қонақ үйдің төрінде отыруыңыз әбден мүмкін. 

Суреттер: bioplanet.cz, cafry.net, chictraveler.com.