Велосаяхатшы жазбалары

Велосаяхатшы жазбалары
Фото: Мағжан Сағымбаев

Қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев "Кочевник на двух колесах или вокруг света за 380 дней" атты кітап жазды. Ол велосипедпен Жер шарын айнала саяхаттап, 380 күнде 22 мемлекетте болған. Мағжан кітабында саяхат кезінде жазған 200-ден аса жазбаны топтастырып, басынан өткен түрлі оқиғаларды баяндайды.

Алматылық жиһангез саяхатқа 2014 жылдың 1 мамырында аттанған. Батысқа бағыт алған ол Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Сербия, Аустрия, Германия, Швейцария, Франция, Испания, Колумбия, Эквадор, Аустралия, Тайланд, Камбоджа, Лаос және Қытай елдерін велосипедпен кезіп өткен. Саяхат 2015 жылдың 16 мамырында аяқталған.

Сапар кезінде бірнеше төтенше жағдай болыпты. Мысалы ол Түркіменстанда 43 градустық аптап ыстықта шыжып, Колумбияда қабырғасын сындырып ала жаздаған. Ал Қытайда тибет мастифі оны қуа жөнеліп, тістеп алған.

Барселонада тіпті оның велосипедін ұрлап кетіпті. Ол "көлігін" жегіп, он минутқа қонақүйге кіріп кеткен. Шықса велосипеді жоқ. Кейін жаңасын сатып алуға тура келген, оған демеушілер көмектесіпті. Мағжанға бәрінен Иран ұнаған екен. Оның айтуынша ирандар өте қонақжай халық екен.

Осы және өзге де сан алуан қызық оқиғаларды Мағжан Сағымбаев "Кочевник на двух колесах или вокруг света за 380 дней" кітабында жинақтаған. Кітап презентациясы 24 қараша күні Dostyk Plaza сауда-саттық орталығында өтеді. Кітап тиражы – 1000 дана.

Massaget.kz