Естеріңізде болса, 130 жыл өмір сүрген тасбақа жайлы жазған болатынбыз. Қазақ ұғымында құзғын мың жасайды деп саналады. Шындығында құзғын мың жасай ма, жасамай ма оны ешкім білмейді. Жалпылық тұрғыдан алып қарағанда ең ұзақ жасайтын хайуанат піл екен. Емін-еркін өмір сүрсе, бір ғасыр жасайды екен. Ал қамалып, еркін тіршілік ете алмаса, 50-60 жыл ғана жасай алады екен. Пілдің өкшесін басып ұзақ жасайтын жануар - жылқы. Жылқының 62 жасқа дейін өмір сүргені жайлы жазба дерек бар. Ал есек 47 жасаса, құстардан ұзақ жасайтындар көп емес. Сауысқан 30 жас, қарлығаш 17 жас, үйрек 14 жас, ең ұзақ қызылбас тырна 60 жасқа таяу өмір кешеді екен. Қолға үйретілген құстардан тоты 140 жас жасап, ең жоғары рекордты жаңартқан. Балық түрлерінде, 20 жас жасаған қызыл балық пен 47 жас жасаған сазан ғана бар көрінеді. Бұл түрдегілердің ішінде тек жылан балық ғана жарты ғасыр өмір сүре алады екен, су жануарларының ішінде мұндай ұзақ жасайтындар ілуде бір кездеседі. Алып деп қаралатын акуланың өзі 20 жастан әрі бара алмайды. Ал алтын балық 11-12 жыл жасамай-ақ дүние салады екен.
Галапагос топ аралдары мен Селшел аралдарында жасайтын тасбақалар хайуанаттар арасындағы ең ұзақ жасайтындары. Олар әдетте 100-150 жас жасайды екен. Кейбірінің 2 ғасыр өмір сүретіні белгілі болған.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: oyu.kz