Немістер - өте көңілді, жайдарлы халық. Олар ешқандай себепсіз-ақ мереке ұйымдастыруға шебер болып келеді. Мұндай мерекелердің көпшілігіне рахаттана отырып күліп алуға да болады. Әсіресе, Тюбинген қаласында жыл сайын өткізілетін аңызға айналған «үйректер бәйгесі» тіптен ерекше. Дода 13 жыл бойы қазан айының жетінші жұлдызында ұйымдастырылып келеді. Қандай бәйге дейсіз бе? Бұл күні дәстүр бойынша, Неккер өзенінде 7000-нан астам резеңке үйректер сайысқа түседі. Ал өз үйректерін бәйгеге қосқан иелері жағалау бойында өз «сұлуларының» алдыңғы қатарда келуін тілеумен болады.
Үйлерінде үйрек ойыншық табылмаған адамдар «сары жүзгіштерді» жалға ала алады. Сайысқа қатысу құны – екі еуро болса, іс-шараны тамашалауға ниет білдірген көрерменге тегін қызмет көрсетіледі.
Сайыс түс қайтқан уақытта басталады. Ал үйректердің мәреге жетуіне кететін уақыты – екі сағат. Бірқатар қатысушылар бәйгеге аса үлкен жауапкершілікпен қарап, алдын ала дайындық жаттығуларын өткізіп жатады екен. Бір қарағанда, мұны «еріккенің ермегі» деуіңіз әбден мүмкін. Асықпаңыз! Қатысушылардың мұндай әрекетінің сыры – жеңімпазға берілетін сыйлықта жатыр. Бәйгенің жеңімпазына 1000 еуро көлемінде қаржылай сыйлық берілетін көрінеді.
Жыл сайын үйректер бәйгесі өтетін күні тамаша ауа-райы патшалық құрып, келген қонақтардың көңіл-күйлері де көтеріңікі болады. Сайыс көрермендері үйректер сайысынан басқа театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағадарламаларды тамашалап, естелік заттарын сатып ала алады.
Суреттер: kulturologia.ru,cokolyxa.livejournal.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева