- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Үйленудің де қызығы...
Үйленудің де қызығы бар...
Адамзатқа ортақ үйлену деген бір ұғым болғанмен, оның салт-дәстүрі, әдеттері әртүрлі болады. Әсіресе, төмендегі елдер жағаңызды ұстатады.
1. Самоа жерінде қалыңдықтың көйлегі тұт ағашының қабығынан жасалады.
2. Нигерияда сұлулықтың өзіндік идеалы болады. Егер, қалыңдық тойға дейін (немесе алғашқы айда) әбден толмаса, күйеу жігіт оны үйіне қайтарып жібере алады. Ата-анасы оны әбден тойдырып, салмақ қостыру керек.
3. Кенияда мынадай өте қызықты салт бар: үйлену тойы өткеннен кейін, жігіт бір ай бойы әйелдің киімін киіп жүреді. Бұл әйел болудың қаншалықты қиын екендігін сезіну үшін ойластырылған.
4. Намибия қалыңдықтары жаулықтың (фата) орнына "Экори" деп аталатын арнайы жамылғыны пайдаланады. Ол ешкі терісінен жасалады, оған шайыр, май, қызыл жоса жағылады.
5. Сурма аталатын эфиопиялық тайпада қыздардың жас кезінде астыңғы еріндері кесіледі де, оған ағаш кесінділерді орналастырады. Ерін тесігі үлкейген сайын кесінділердің де диаметрі үлкейе береді. Қыздың тұрмысқа шығуына жарты жыл қалғанда еріндегі тесікке саздан немесе ағаштан жасалған шағын дөңгелек қойылады. Ерін созылған сайын дөңгелек көлемі үлкейтіледі. Осылайша диаметрі 10-12 сантиметрге жеткенше жалғаса береді. Бұған үйленудің не қатысы бар дейсіз бе? Диаметр көп болған сайын қалыңмал көп беріледі және жаңа отбасының байлығының дәрежесі осы арқылы өлшенеді.
6. Ява аралында бірқатар елдегідей жұптар некеге тұру алдында баж салығын төлейді. Бірақ ақшамен емес – тышқанның құйрығымен. Олар баж салығын жинаумен айналысатын жергілікті админстрацияға 25 тышқанның құйрығын өткізуге тиіс.
7. Ал ненец халқы үйлену тойына қандай тағам әзірлейміз деп бас қатырмайды. Олар мақтанышпен бұғының шикі етін қояды.
8. Жаңа Гвинеямен көрші тұратын Тромбриан аралында бәрі де оңай. Үйленгің келсе, болашақ жарыңмен тайпа үлкендерінің алдында бір ыдыстан тамақ жеу жетіп жатыр. Осындай рәсімнен кейін қыз бен жігіт ерлі-зайыпты саналады.
9. Балидегі үйлену тойына арналған кешке барсаңыз, қатты таңырқайсыз. Дастарқан басында бірде-бір ер адам отырмайды. Олар барлық дайындық жұмысын жүргізгеннен кейін, әйелдерді көңіл көтеруге жеке қалдырып, өздері демалады.
Сізді қандай дәстүр таңғалдырды?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: vk.com