Егер сіз әлемнің кез келген нүктесіне ұша алатын қонақ үйді армандаған болсаңыз, онда сіздің мүмкіндігіңіз бар. The Dream Jet атауына ие жоғары стандартпен жасалған ұшақтағы қонақ үйде ұшудың бір сағаты 500 мың юань немесе 74 мың АҚШ долларын құрайды.
Қытайда әуе тасымалдау саласында қарқын алып дамып келе жатқан Deer Jet компаниясы әлемнің ауқатты азаматтарына арнап осындай қызмет көрсету түрін жасап отыр. Қонақ үй қызметін атқаратын VVIP (very very important person) лайнерін Boeing компаниясы құрастырған.
Айта кетсек, Deer Jet акцияларының басым бөлігі HNA Group конгломератына тиесілі. Бірнеше ай бұрын HNA Group басышылығы Hilton қонақ үй бизнесінің 25 пайыз акциясын сатып алып, оның брендін VVIP 787 әуе қонақ үйін дамытуға қолдануды мәлімдеген болатын.
Әзірге ұшақ Қытайдың Гонконг қаласынан Рим, Париж және Таити бағыты бойынша ұшады. Кейіннен өзге де бағыттарға сұраныстар артса, өзгеріс енгізу жоспарланған.
Ресми ақпаратқа орай, әзірге аналогы жоқ қонақ үйдің екінші нұсқасы, яғни тағы бір Dreamliner тапсырысы әлдеқашан жасалған. Жоспар бойынша, Deer Jet компаниясы жаңа ұшақты 2018 жылдың бірінші жартысында алады.