Ұшақ бортындағы балабақша

Ұшақ бортындағы балабақша

Естеріңізде болса, бала кезде ұлдардың бәрі ғарышкер болуды армандаушы еді, ал қыздар өздерін болашақта әнші немесе атақты актриса ретінде көретін. Ал Рустави қаласында (Грузия) орналасқан әлемдегі ең таңғажайып балабақшадағы балалардың бәрі бір ауыздан келешектерін аспанмен байланыстыруды армандайды:  бұл жердегілердің барлығы болашақ ұшқыш пен стюардессалар. Неге десеңіз, Гари Шапидзе есімді азамат есептен шыққан ЯК-42 ұшағын балабақшаға айналдырған екен. 

 

Бүгінде балақайлардың ең үлкен ойыншығына айналып үлгерген бұл ұшақ жақында ғана Georgian Airways компаниясының жеке меншігі болып келді. Алайда, балабақшаның қазіргі директоры Гари Шапидзе өзіндік ерекшелігі бар мектепке дейінгі білім беру мекемесін ашпақ оймен осы ұшақты сатып алған.

Әрине, ұшақ интерьері аз да болса балабақшаға сай етіліп жабдықталған. Мұнда көптеген ойыншық, сабақ оқуға арналған үстелдер пайда болды. Бірақ, ұшқыштар кабинасы еш өзгеріссіз қалған!

 

Бүлдіршіндерге ұшқыштардың кабинасында болып, мың жарымнан аса батырманы ұстап, оларды санап көргеннен басқа тағы не қызықты болуы мүмкін?

 

Ұшақ салонында бір уақытта 15 бала жүре алады. Батырма панельдерінен бөлек мұнда әр түрлі тетіктер мен тоқ аударғыштар мүмкіндігінше сақталған. Бұның жас ұшқыштардың моторикасының дамуына септігін тигізетіні сөзсіз.

 

Шапидзе ұшақты жабдықтауға бірнеше ай жұмсаған. Дегенмен, оның еңбегі зая кетпеді: тамсандырарлық балабақша тек кішкене бүлдіршіндердің көңілінен шығып қоймай, ата-аналарға да қатты ұнады.

Гари Шапидзе өз арманын іске асырғанына өте қуанышты. Оның айтуынша, балалардың жаңа топқа үйренуі көбіне қиынға соғады, бірақ мұндағы өзгеше дизайн мен мерекелік атмосфера оларға көптеген психилогиялық мәселелерді өздігінше шешуге көмектесіп жатады екен.

Дайындаған: Ерғали Елдос 

Сурет: mirfactov.com

Ж. FM