Үндістандағы Дивали мерекесі

Санскрит тілінен аударғанда «Дивали» немесе «Дипавали» - «шоқ» дегенді білдіреді. Жыл сайын Картик (қазан-қараша) айының басында өткізілетін бұл фестиваль бес күнге созылады. Фестиваль қараңғылықты жарық, зұлымдықты мейірімділік жеңеді деген ұғымның нышаны ретінде ұйымдастырылады.

Аталған мерекеге байланысты бірнеше аңыз бар. Вишнуиттар Дивали мерекесін Рам патшаның тәж кию рәсімімен байланыстырады. Оның таққа отыру түні туған бақытты күнінде бүкіл елде осындай шоқтар мерекесі ұйымдастырылған екен. Мереке – сол күннің жалғасы. Ал енді бір аңыздарда Рам патшаның салиқалы саясатымен, ұшы-қиыры жоқ ақылымен жүргізген билігінің арқасында халық қараңғылық рухынан құтылған дейді. Тұтатылатын оттар - патшаның осы жақсылығына деген ел алғысының нышаны екен.

Дивали Үндістанның әр ауданында әртүрлі атап өтіледі. Мәселен Батыс Үндістанның сауда-саттықпен айналысатын аудандарында Дивали Жаңа Жыл мерекесімен тұспа-тұс келеді. Бұл күні саудагерлер есеп-қисап дәптерлерін ретке келтіріп, дүңгіршектерін тазалайды. Кешкісін дүкендер мен үйлерде майлы шырақтар немесе электр шамдары жағылады.

Үндістанның көп аймағында Дивали Байлық және Құнарлылық Патшайымы Лакшмидің құрметіне арналып өткізіледі. Бір қызығы, Дивали қазақ халқында атап өтілетін Наурыз мерекесіне ұқсас келеді. Бұл күні үндістер де үйлерін жақсылап тазартып, Патшайым қараңғыны ұнатпайды деген сеніммен түні бойы шырақ жағып қояды. Оған кіруге оңай болсын деп есіктер мен терезелерді ашық қалдырады. Сүт құйылған ыдысқа тиын салып, құлшылық жасайды.

Үндістанның Оңтүстігінде Дивали мерекесі ерекше өткізіледі. Бұл күні үндістер денелеріне кокос майын жағып алып жүреді. Олардың сенімі бойынша, май оларды күнәларынан тазартады екен.

Ал Шығыста, әсіресе Бенгалияда Дивали күш құдіретін кейіптейтін Кали патшайымының құрметіне ұйымдастырылады. Мерекеде он күн бойы құлшылық жасалып, шырақтардан қалған қалдықтар өзен суларына ағызылады.

Дивали қарсаңында бүкіл Үндістан көшелері ерекше жарық болып, керемет от шашулар ұйымдастырылады.

Суреттер:bigpicture.ru,dirty.ru,daypic.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева