Жер атты алып планетаның ең үлкен әрі ең құпияға толы құрлығында көз көрмеген небір әдемі мекендер бар, соның бірі – Ұлы Мұхит Жолы. Бұл тас жол Торки қалашығы арқылы өтіп, құрлықтың оңтүстік-шығысындағы Варнамбул бекетіне дейін жалғасып жатыр. Жол бойымен саяхаттау арқылы айналадағы пейзажды тамашалап, тұп-тұнық ауаның құшағында армансыз серуендей аласыз.
Жолдың ұзындығына әзілмен қарамаңыз, сізді күтетін саяхат салмақтылықты қажет етеді. Ол үшін жалға жеке автокөлік немесе арнайы автобусқа билет алыңыз.
Ұлы Мұхит Жолы – Аустралияның ең басты нышандарының бірі, ол жергілікті тұрғындардың ғана емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі туристердің ыстық ықыласына, жоғары бағасына ие болып отыр. Жолдың ерекшеліктеріне, әртүрлілігіне байланысты көлік жылдамдықтарына шектеу қойылады. Бір аймақта 50 шақ.\сағаттан асыруға тиым салынса, келесіде 80 км\сағатқа рұқсат беріледі. Оның үстіне жол бойындағы табиғаттың сұлулығы, адам жанын баурап алатындығы соншалықты жүргізуші өзін басқара алмай қалуы әбден мүмкін.
Жолды салу туралы идея 1864 жылы пайда болғандығымен, тек 1919 жылы ғана іске асырылды. Бірінші Дүниежүзілік соғыстан қайтқан сарбаздар қаза болған достарының құрметіне осы жолды салуға кіріседі. Құрылыс жұмыстары 1932 жылы аяқталды. Ұлы Мұхит Жолы – отан үшін болған шайқаста қанын төккен жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткіш. Бұл тас жол бүгінде жауынгерлерге арналған ең үлкен ескерткіш болып отыр.
Ерекше жолдың бетке ұстар тұсы – ағаш қақпа қойылған жер. Мұнда Great Ocean Road деген жазу жазылған. дәл осы жерден саяхатыңыхз бастала кетеді.
Жолдың біршама бөлігі жағажай демалысын ұнататындар мен серфинг сүйер қауымға арналған жағажай арқылы өтеді. Бұл жердің толқыны өте әсерлі болғандықтан серфингтен халықаралық деңгейдегі жарыстар жиі өткізіліп тұрады.
Ұлы Мұхит Жолына саяхат жасау мүмкіндігі беріліп жатса, міндетті түрде тамашалау алаңына тоқтаңыз, бұл жерден әлемге мәшһүр Он екі апостол өте жақсы көрінеді. Күн сәулесіне түстерін өзгертетін жартастарды ешбір жерден көре алмайсыз. Сондықтан да, бұл алаңқай ешқашан бос болмайды, ұлы тастарды көруге ниеті білдіретін адам қашанда табылып жатады.
Саяхат барысында мұнан басқа Аустралияның ертеден келе жатқан жергілікті тұрғындарының өмірімен жақын таныса аласыз. Аборигендердің ұрпағы бүгінде балық шаруашылығымен айналысады, көне аспаздық мәзірлерді, музыкалық аспаптарды әлі күнге дейін сақтап келеді және әрбір келген қонақты құшақтарын жая қарсы алады. Бұл жерден дәмді тағамдарды жеп қана қоймай, жергілікті жүзімнен жасалған ерекше шараптың дәмін татып көре аласыз.
Аустралиялық фауна мен флора – елдің негізгі мақтанышы. Бұл құрлықта планетаның ешбір жерінде ұшыраспайтын, тіпті зообақтар мен дендробақтарда да қойылмайтын өсімдіктер мен жануарлар жетіп артылады. Сондықтан да, уақытыңызды бөліп Ұлттық Отвей бағы мен Бриджвотер мүйісіндегі үңгірлер мен шатқалдарды көріп қайтыңыз.
Ұлы Мұхит Жолы – сіздің жадыңызда мәңгі естен кетпес тәтті естеліктер қалдыратын ғажайып мекен.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com