Тамыз айының 10-12 аралығында Венгрия елінде «Үлкен Тұран Құрылтайы» өтеді. 2010 жылы бастау алған мәдени-тарихи шара әрбір екі жылда Будапештің оңтүстік-шығысында орналасқан Бугац қалашығында өтетін болады.
Алғашқы құрылтайға үш мыңнан астам дәстүр сақтаушы қатысты. 135 киіз үй тігіліп, жүздеген салт аттары жүгенделді. Үш күнге жалғасқан құрылтайда жауынгерлік ойындар, садақ ату, бәйге, ұлттық музыка, әскери қойылымдар т.с.с. 42 бағдарлама көрсетілді. Ежелгі мадияр дінінің салт-жоралары жүргізілді. Өздерін түрік немесе ғұн ұрпағы санаған жандар өз өнерлерін ортаға салды.
Екінші мәрте өткізілетін биылғы құрылтайда Карпаттан бастап Алтайға дейінгі халықтардың басы қосылады. Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Башқұртстан, Татарстан, Алтай Республикасы, Дағыстан, Моңғолия, Украина, Сербия, Словакия, Хорватия, Румыния елдерінен келетін делегация мүшелері құрылтайға жиналатын жамағатқа өз елінің мәдениетін таныстырады.
Қазақстан делегациясының құрамында «Ұлы Дала» қоғамдық қорының директоры Айбек Накипов, қоғам қайраткері Мэлс Елеусізов, ақын Мұрат Уәли, журналист Қайрат Балтабай, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі т.с.с. мәдениет пен қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар, қолөнер шеберлері болады.
Шараның басты мақсаты бұл елдердің бірлігі мен өзара туыстығын бейнелеу болып табылады.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Сурет: kurultaj.hu