Тұзды шипажайлардың пайдалы екендігі ежелгі ғасырдан бері белгілі. Демалысыңызды жайлы өткізуді жоспарласаңыз, тұзды үңгірлерде ем алуға асығыңыз. Тұзды үңгірлерде ем қабылдау емделудің аэротерапевтикалық түріне жатады. Тұзды үңгірлердің ішінде ем қабылдаған жандар бойындағы аурулардан айыққан.
Спелеотерапия – тұзды үңгірлердің микроклиматымен емделу. Температураның, ауа мен қысымның тұрақты болуы, ылғалдылықтың төмендігі, аллерген мен бактериалды өсімдіктердің болмауы, көмірқышқылы құрамының жоғары болуы сияқты факторлар денсаулыққа оң ықпал етеді. Мұндай емдеудің түрі тұзды аэрозольдің болуына тығыз байланысты. Тұзды шипажайлар Украина, Белорусия, Польша, Румыния, Австрия, Қырғызстан, Әзірбайжан елдерінде бар.
Тұзды үңгірлердегі емдеудің адамның физикалық және рухани денсаулығына пайдасы өте зор. Емделу барысында жүйке жүйесінің бір қалыпты болуы үшін жақсы музыка қойылады. Бұл денені бос ұстап, емделушінің өзін жайлы сезуіне ықпал етеді.
Тұзды шипажайларда тұзды үңгірлерден бөлек, тұзды ванналарды қабылдап, шипалы батпақпен емделуге болады.
Тұзды шипажайда емделмес бұрын, дәрігерлерге қаралған жөн. Дәрігерлер қан қысымының тұрақты болуы мен тамыр соғуының бір қалыпты болуын жіті бақылап, өкпе мен тыныс алу жолдарын тексереді. Тұзды үңгірде емделушілер жылы көрпе жамылып жатады. Ем қабылданған соң, дәрігерлер емделушінің денсаулығын қайта тексереді. Содан кейін емделуге дейінгі мәліметтермен салыстырады.
Тұзды үңгірлерде ем қабылдау тыныс алу жолдары мен астма ауруларына шалдыққандарға өте пайдалы. Сондай-ақ, тұзбен емделу омыртқа мен буын, ревматикалық аурулардың алдын алады.
Өкінішке орай, тұзды шипажайлар кейбір дерттерге қарсы тұра алмайды. Әртүрлі фобиялық аурулармен ауыратын жандарға тұзбен емделу өте зиян. Эпилепсия, стенокардия, жүрек және инфекциялық аурулармен ауыратын жандар үшін тұзды үңгірлерде ем қабылдау қауіпті. Себебі, тұз олардың ауруын одан әрі асқындырып жіберуі мүмкін.
Суреттер: vidpochivay.com