Сіз өміріңізде бір рет болсын адамдардан тұрғызылған мұнараларды көргенсіз бе? Әй, қайдам! Ондай ерекше мұнараларды Каталония жеріндегі жазғы фестивальға барсаңыз ғана көре аласыз, ал онда болғандығыңызға күмәніміз бар.
Жарайды, «Тірі мұнараларды» көру үшін алыстағы Каталонияға жол тартпай-ақ, Әлемтану айдарының сіздерге дайындаған мәліметтерін оқып алсаңыз, жетіп жатыр.
Каталония – Испанияның солтүстік-шығыс бөлігіндегі автономиялық облыс. Аталған шағын мемлекет өздерінің тілінде сөйлеп, тұрғындары барлық нәрсені өз еріктерімен жасауға дағыланған.
Мұнда өтетін жазғы фестиваль шарты бойынша, сайысқа қатысуға тілек білдірген барлық адамдар неғұрлым үлкен мұнара тұрғызудан сайысқа түседі. Алғашқы кездері фестиваль аясында ұлттық би шерулері өткізілетін болса, қазір бұл дәстүр жойылған. Қаланың үлкен алаңдарында өткізілетін өнер сайысын ЮНЕСКО бүгінде мойындап отыр.
«Тірі мұнаралар» дәстүрі әсіресе Вильяфранка қаласында кең таралған. Қаланың үлкен алаңына ең биік ескерткіштер тұрғызу үшін рухы мен күші мықты көптеген командалар жиналады. Сайыс өте қиын. Қатысушылардың арасындағы ең мықты дегендері мұнараның тірегі болып, құлағандарды ұстап қалу үшін астыңғы бөлігінде қалады да, жоғары жағына салмағы жеңіл жас балалар шығады.
Сонымен қатар, қатысушылар «арнайы формалар» киеді: ақ шалбар және өздерінің топтарына сай түстегі жейделер мен міндетті түрде тірек болатын ұзын қара белдіктер тағады. Ал, жас балалар қауіпсіздік үшін бастарына дулыға киюі тиіс.
Өз топтарына қолдау көрсету үшін жиналған мыңдаған жанкүйерлер алаңның негізгі сәнін келтіріп тұрады. Фестиваль соңы көңілді кешке ұласады.
Суреттер:ispaniagid.ru,fotogeog.ru,dailylife.su,vk.com
Дайындаған:Айгерім Сматуллаева