Сәулетшілердің ойы ақиқат пен қиял арасында адасқан кезде, олар небір жобаларды іске асыруға тырысады. Шексіз ой-қиялдың арқасында әлемнің бірқатар елдерінде «аударылған үйлер» пайда болды. Бұл жоба авторларының ой-өрісінің кеңейгені ме, әлде олардың өркениетке қарсы әрекеті ме?! Ендеше, бірнеше елде бой көтерген төңкерілген үйлерге саяхат жасайық.
Флоридадағы ойын-сауық саябағы
Орландо аумағында небір саябақтар бар. Соның ішіндегі International Drive көшесінің бойында орналасқан WonderWorks аударылған үйі алыстан ерекше көзге түседі. Аударылған үй ішінде 100-ге тарта көңіл көтеру орындары, ойын автоматтары мен лазерлік күрес алаңдары бар. Сондай-ақ, біртүрлі үйде базарлықтар дүкені мен дәмхана орналасқан.
Жапониядағы кофехана
Жапонияның Мацумото қаласында «135 градус бұрыштағы үй» салынған. Шатыры бір жағына аударылған үй ішіндегі барлық дүниелер аударылып тұр. Төңкерілген жиһаздар мен жазуларды көрген кофехана қонақтары өздерін жайсыз сезінуі мүмкін. Бірақ та, даяшылар кофені төңкермей береді.
Польшадағы мұражай
Бұл үйдің ішкі де, сыртқы да жағы толығымен төңкерілген. Ғимарат шатырымен жерге тұрғызылған. Құрылыс жұмыстары төрт айға созылған. Үйге кіру үшін шатыр астындағы терезені ашу керек. Біртүрлі үй ішінде барлық жиһаздар төңкерілген. Келген қонақтар үйде ұзақ жүре алмайды. Себебі, аударылған дүниелерді көрген жандардың басы айналып, құсқысы келеді. Әсіресе, жүйке жүйесі және жүрек ауруларымен ауыратын жандарға төңкерілген үйге кіру өте қауіпті.
Калифорниядағы лашық
Йосемит ұлттық саябағында орналасқан төңкерілген лашықтың не үшін салынғандығын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Саябақтағы көне жәдігерлердің біріне айналған бұл үй тау өнеркәсібінің жетістігін көрсетеді-мыс. Бірақ та, оның мән-мағынасын әлі күнге дейін ешкім аша алмай келеді.
Шабуыл жасап жатқан үй
Австрия астанасы Венадағы төңкерілген үй аспан мен жер арасында орналасқан. Шабуыл жасап жатқан үй ("House Attack") жобасының авторы - белгілі мүсінші Эрвин Вурм (Erwin Wurm) өз жұмысы арқылы биліктің іс-әрекетіне қарсылық білдірді. Төңкерілген үй 2006 жылдың 20 қазаны мен 2007 жылдың 11 ақпан аралығында Вена мұражайының төбесіндегі қызықты жәдігер болды.
Төңкерілген үй
Флоридадағы Гольф-ауылында орналасқан төңкерілген үй жобасының авторы - Норман Джонсон. Бұл үйде тұрғындар көп тұра бермейді. Төңкерілген үй туристерді штатқа тарту мақсатында салынған болатын.
Төңкерілген ақ үй
Америкадағы Вискосин мекенінде орналасқан бұл үй алып елдің астанасындағы бас ғимараттың аударылған көшірмесі. Түпнұсқа үйдегі орналасқан барлық жиһаздар осы үйде бар.
Аударылған дүние
Ресейдің Репино мекенінде орналасқан төңкерілген үй авторы - Лев Мадотьян. Ол соңғы 20 жылда ағаш ұстасы болып қызмет етіп жүр. Шебердің айтуы бойынша, қазіргі жаңа технологиялар дамыған заманда дүние аударылып кетті. Үй есіктері мен терезелері, ішіндегі жиһаздар, баспалдақтар барлығы да аударылып салынған.
Жындыхана үйі
Германияның Гамбург қаласында тұратын белгілі инвестор Дирк Остер «Жындыхана үйі» деп аталатын ғимаратты 2010 жылы салған болатын. Бұл үйдің атауын құрылыс жұмыстарын жүргізген Герхард Мордост, Гизель Шлеттстобер мен Манфред Колакс берген. Себебі, бұл жоба оларды біраз «естен адастырған». Хайуанаттар бағында орналасқан үй ішіндегі барлық дүниелер аударылған күйде орналасқан. Оларды бекіту үшін мыңдаған болат темір бұрандалы шегелер пайдаланылған.
Бұл үйді өз көзімен көру үшін жер шарының түкпір-түкпірінен туристер ағылады. Бірақ, бұл үйге кірген жандар өздерін жайсыз сезініп, тезірек үйден шығуға асығады. Себебі, төңкерілген тұрмыста қолданатын дүниелерді ұстап, көрген кезде, үй қонақтарының басы айналуы мүмкін. Бұл бұйымдарды аударылған күйінде орнату үшін жоба авторы әрқайсысымен жеке жұмыс істеген екен.
Суреттер: smotra.ru