Тілек жалаушалары

Егер сізге бағыңыз жанып, Тибет жеріне ат басын тіреу мүмкіндігі берілсе, әр түрлі орындарға: үй шатырларына, дарбазаларға, тау асуларына, саябақтарға, биік ғимараттарға ілінген түрлі-түсті жалаушаларға көзіңіз түсері анық. Бір қарағанда, жергілікті тұрғындар қандай да бір мерекеге дайындалып жатыр-ау деген ойға қалуыңыз мүмкін, ал шын мәнінде бұлар – тілек жалаушалары.

Тілек пен жалаушаның байланысы қандай деген ойға қалдыңыз ба? Оның мәнісі мынада жатыр. Адамдар өздерінің тілектерін айта отырып, жалаушаларды неғұрлым биік жерлерге байлайды. Тілеуші халық байланған жалаушаларды желдің тезірек ұшырып әкетуін бақылап отыратын көрінеді. Олардың сенімі бойынша, жел олардың тілектерін көктегі құдайларға жеткізеді.

Тілек жалаушаларын ілу дәстүрі - Жер бетінде өте сирек ұшырасады. Тіпті, мұндай дәстүр тибеттіктерден өзге ешбір халықта қайталанбайды десе де болады.

Жалауларды үйдің ауласына ілудегі мақсат – ауру-сырқаудан, жазатайым оқиғалардан сақтау, отбасына сәттілік пен береке сұрау екен.

Дәстүрді жүзеге асырудың да арнайы белгіленген күндері бар. Мұндай күндер тибеттік күнтізбелерде көрсетіледі. Ал күнтізбеде белгіленген сәтсіз күндері жаңа тілек жалаушаларын ілуге қатаң түрде тыйым салынады.

Ең сәтті күндер қатарына шуақты, ашық және желді күндер жатады. Лосар мерекесінің қарсаңында (Тибет Жаңа Жылы) күнге күйіп, жаңбырға бұлғанған жалаушалар жаңартылып тұрады.

Тілек жалаушасын жасап шығару асқан жауапкершілікті қажет етеді. Оларды бояу үшін қызыл, ақ, сары, жасыл, көк түстер қолданылады. Жалаушаларға әртүрлі жануарлардың суреттері салынады және олардың беретін мағыналары да бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, арыстан – жерді, жолбарыс – ауаны, гаруда құсы – отты, айдаһар – суды нұсқайды екен.


Суреттер:forum.awd.ru,khurul.ru,olga-mir.blogspot.com,bigpicture.ru,elenase.livejournal.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева