- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Тибет көгі арқылы...
Тибет көгі арқылы неге ұшақ ұшпайды?
Әлемде көгінен ұшақ ұшпайтын аймақтар бар. Біразы уақытша болса, біразымен мүлде ұшпайды. Сондай аймақтың бірі – Тибет.
Тибет таулы өлкесінің аумағы өте үлкен. Одан өзге таулары да биік. Орташа есеппен алғанда биіктігі 5 000 метрді құрайды. Кейбірі бұдан екі есе асқақ. Жолаушылар ұшағының көбі мұндай биіктікте ұшпайды. Қауіпті саналады. Сондықтан да Тибет аспанымен ұшып өту мүмкін емес.
Екінші бір себеп – мұнда турбаленттілік өте жоғары. Таулардың биіктігі тропосфераның страстосфераға алмасатын қабатына дейін жетеді. Биіктеген сайын оттек тапшылығы сезіледі және атмосфералық қысым өзгереді. Бұл – жолаушылар үшін қауіпті.
Тибет арқылы ұшақтардың ұшпауына себеп болатын басқа да факторлар жетерлік. Мұнда радар қызметі жұмыс істемейді. Ал ұшақ шұғыл қону қажет болса жақын маңда әуежай да жоқ.
vijaybisht.in
Негізі Тибетте екі әуежай бар. Лхасадағы халықаралық әуежай 3 570 метр биікте орналасқан. Арагідік ұшақ қатынайды. Ал Нгари Гунса әскери әуежайына жолаушылар ұшағы қатынамайды.
Әуе кемелері Тибет пен Үнді-ганг жазығы арасында орналасқан Гималай арқылы да әуе қатынасын жасамайды.
Тибеттен бөлек Антарктида арқылы да ұшақ ұшпайды. Мұнда да турбаленттілік жоғары және ауа райы қолайсыз. Тынық мұхиты арқылы да ұшақ қатынамайды. Шұғыл жағдайда қонатын аймақ жоқ. Ұшақтың көбі құрлыққа жақын маңмен ұшады. Сондай-ақ Мекке, Тәж-Махал, Букингем сарайы және Невададағы құпия әскери база үстінен де ұшақтар өтпейді.
Ұшақтардың ұшу жолына саяси оқиғалар да әсерін тигізеді. Әуе компаниялары соғыс болып жатқан аймақтар мен қауіпті мекендерден ұшақтарын аулақ ұшырады. Мысалы, Сирия, Ирак, Шығыс Украина, Сомали, Йемен және Ливия көгі арқылы ұшақтар көп қатынамайды.
Н. Үсенова