- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- «Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми-зерттеу...
«Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясы қорытындыланды
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Антарктидаға барған «Тәуелсіздік Полюсі» ғылыми-зерттеу экспедициясын қорытындылайтын баспасөз-конференциясы өтті. Естеріңізге сала кетсек, полярлық экспедиция еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған еді.
42 күннің ішінде экспедиция мүшелері Винсон шыңына шапшаң шығып, Оңтүстік полюске шаңғымен жетіп, Антарктиданың қақыраған аязында ғылыми зерттеулер жүргізіп қайтты. Экспедицияға ғалымдр мен атлеттер қатысты, олар – команда капитаны Мағжан Сағымбаев, спортшылар Юрий Юшин, Ілияс Ғалымбеков, ғылыми қызметкерлер Дәулет Шәріпов, Арман Баймұхамедов пен команданың жалғыз аруы - Әлия Ерназарова.
"Жобаның барлық үш кезеңі – Винсон шыңына шығу, шаңғы экспедициясы мен ғылыми зерттеулерді жүргізу сәтті аяқталды. Еліміздің тарихында алғаш рет Тәуелсіздік Күні Қазақстанның мемлекеттік туы Антарктиданың ең биік нүктесіне көтерілді. Экспедиция қатысушылары қазақстандықтарға екі рет сыйлық сыйлады – 16 желтоқсанда Винсон шыңынан құттықтап және 31 желтоқсанда жердің Оңтүстік полюсінен жаңа жыл қарсаңында құттықтау сөздерін жолдады. Экспедиция көптеген құштар адамдардың ат салысуының арқасында жүзеге асты. Осыған орай, мен шын жүректен барша Қазақстан халқына бізге сенім артып, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Көп рақмет!", - дейді «Қазақ Географиялық Қоғамы» ҚБ Төралқа Төрағасы Төлеген Тастанбеков.
"Экспедиция капитаны болғаным – мен үшін үлкен құрмет, сол себептен біздің командамыздың әрбір мүшесі 100%-ға жұмыс істеді деп сеніммен айта аламын. Қиын жағдайларда бір-бірімізге тірек болып, қолдау көрсеткенде өз кәсіби салаларымызда бірнеше жылдар бойы жинаған дағдыларымызбен бөлісе білдік»,- дейді QazaqGeography Алматы қ. өңірлік өкілдігінің басшысы, экспедиция тобының жетекшісі Мағжан Сағымбаев.
Экспедицияның ғылыми бөліміне биология саласында және Антарктиданың төтенше жағдайында адам физиологиясына әсер беретін деректерді талдаған жас қазақстандық ғалымдардың зерттеулері енді. Зерттеулердің нәтижесі бойынша дөңгелек үстел мен шебер-сыныптары өткізілмек.
Ал экспедицияның ғылыми қызметкері Арман Баймұхамедовтың айтуынша, Антарктиданың зерттелетін сыры әлі де көп екен. Біздің елден барған ғылыми топ адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізу үшін көптеген деректер жинап алған. Юнион Глетчер базасында болған олар шетелдік ғалымдармен танысып, Антарктиданы зерттеген жетекші елдердің зерттеу тәжірибелерін қабылдап келіпті. Қазіргі уақытта алынған мәліметтер мен ақпарлар өңделіп, талдаудан өткізіліп жатыр.
2011 жылдан 2017 жылға дейін үш полярлық экспедициялардың құрамында ҚазГео командасының 15 мүшесі Арктика мен Антарктикада болып қайтты. Арктикалық және Антарктикалық бағдарламалардың жетекшісі Нұрлан Абдуов айтуынша, алғашқы антарктикалық автокөлікті экспедицияның қатысушылары бағдарды шапшаң жүріп өткендері үшін Гиннесс кітабының рекордсмендері аталды. 2014 жылы мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істегеннің нәтижесінде 1959 жылғы Антарктика туралы Келісімге Қазақстанның қосылуы туралы Президент Жарлығына қол қойылды.
Y. Almabek