Таңғажайып қонақүй

Берлин қаласында орналасқан «Қалалық пропеллерлі үй-арал» (Propeller Island City Lodge Hotel) қонақүйінде 30 бөлме бар. Бұл қонақүйдің ерекшелігі бөлмелер бір-біріне ұқсамайды, әр бөлмесі ерекше дизайнмен жасалған. Қонақүй иесі әрі жоба авторы - суретші, музыкант, сәулет өнерінің маманы Ларс Строшен. Ол өз ойын жүзеге асыру мақсатында бес жыл үздіксіз еңбек етті. Строшен қонақүй атауын танымал француз жазушысы Жюль Верннің «Пропеллерлі арал» («L`Ile a helice») шығармасының құрметіне қойған болатын. Қонақүй құрылысына 1,5 миллион доллар қаржы жұмсалды. 


«Propeller Island City Lodge» қонақүйінің әр бөлмесін Строшен өзі ойынан шығарған. Бөлмелердің ішкі көрінісі және жиһаз бен оның бөлшектерінің барлығын Ларс Строшен өз қолымен жасады. Барлық бөлмелер дыбыс құрылғыларымен жабдықталған. Әдемі коллаж, жиі-жиі ауысып тұратын музыка, дыбыс әсерлері қонақ үйдің өзге қонақүйлерден ерекшелігін бірден айқындайды. Қонақүйге келген әрбір жанға бөлмеде өзін-өзі ұстау ережелері мен нұсқаулары таратылады.
Таңғажайып қонақүйдің бірнеше бөлмелеріне көз жүгіртейік.

«Upside down» - төңкерілген бөлме. Бұл бөлменің жиһаздары бөлме төбесінде орналасқан. Ал төсек еденде, люк астында орналасқан. Люк есігін ашқан бойда екі орындық, төрт төсек, ыңғайлы төрт сәкіні байқасыз. Бұл нөмер ең жарық бөлмелердің бірі әрі бұл бөлме темеке шекпейтіндерге арналған.

«Gruft» - табыт бөлмесі қапас әрі қараңғы. Екі табыттың беті ұйықтаған кезде жабылады. Ал мұндай қадамға жүрексінетін жандар үшін табыт астындағы жайлы төсектерге жайғасуға болады.

«2 Lions» - 2 арыстан бөлмесі. Бұл бөлмеде темір тор ішінде немесе екікісілік жатын төсекте ұйықтауға болады. Біркісілік темір торлар еденнен 1,5 метр биіктікте орналасқан. Бұл бөлмеде үлкен алтын түсті ванна да бар.

«Mirror Room» - айналы бөлме. Бұл бөлмені «Нарцисс бөлмесі» деп те атайды. Көп бұрышты бөлме айналармен қапталған. Бөлмеде шылым шегуге рұқсат берілмейді.

«Freedom» - бостандық бөлмесі. Дәретханасы мен қабырғада ойығы бар түрме камерасы. Балконда күннен қорғанатын қолшатырлар орнатылған.

Бұл қонақүйде тіркеу орны қарастырылмаған, қонақтар сағат 8:00-ден 12:00-ге дейінгі аралықта кезекші қызметкермен ұялы телефон арқылы байланыса алады. Келген қонақтар бөлме кілттерін алу үшін өз құжаттарын кепілдікке қалдыруы тиіс. Таңғы ас сағат 8:00-ден 10:30-ға дейін беріледі. Оның құны қосымша төленеді. Қонақүйдегі есеп айырысу күн сайын сағат 11:30-да жүргізіледі.
Кейбір бөлмелерде дәретхана мен душ болмағандықтан, бұл бөлмелердің бағасы өзгелерден арзан. Қонақүй ішінде Ларс өз суреттерін қойған көрме галереясы де бар. 
Суреттер ғаламтор беттерінен алынған.