Элтон көлі – Волгоград облысының аумағындағы ең қызықты табиғи нысандардың бірі. Бұл 152 шаршы шақырымды алып жатқан табиғаттың нағыз жауһары, Еуропадағы ең тұзды көл.
Қаңыраған, қараусыз жатқан иен даланың бауырында алтын-алқызыл түстес болып ағып жатқан көлдің бетінде ақшақардай аппақ тұздың кристалдары жатқанын көрген де арман, көрмеген де арман! Элтонның көркіндей керемет жерді тағы басқа жерден көру мүмкін емес нәрсе. Қайталанбайтын ғаламат! Көлдің таяздығы, жағалау, ақ сортаңдар, судың "суреті", жыралар, аңғарлар мен қыраттар... Тұнған сұлулық.
Міне қызық, "Элтон" сөзі қазақ тіліндегі «Алтын-Нұр» деген сөзден шыққан екен. Күн қайта бастағанда киетін алтын түстес көйлегі бұл атауға себеп болып отыр.
Элтон көліне бірнеше бұлақтар мен ірілі-ұсақты тұзды өзендер келіп құяды. Ал ыстық күн суды қайнатып, нәтижесінде рапалар (тұзды көл мен теңіз қойнауының емдік қасиеті бар ащы суы) қалып қояды. Элтон өзені әлемнің тұзды көлдерінің көшін бастап тұр. Алайда, оның тұз қабатының қалыңдығы толықтай есептелінбеген. Мамандардың айтуынша, тұз қабаттары уақыт өле келе, одан әрмен қалыңдап бара жатқан көрінеді.
Элтонның қалың қабатында жүйке жүйесі ауруларын емдеуге пайдалы тұздар бар. Сондай-ақ ондағы емдік ресурстар арқылы теріні жаңартуға, зат алмасу жұмыстарын жақсартуға болады. Бір сөзбен айтқанда, Элтонның минералдары Өлі теңіздікінен кем түспейді. Сонау ерте замандарда өмір сүрген көшпенділер элтондық минералдар туралы жақсы білген деседі. Олар ауру-сырқауға шалдыққан тайпаластарын көлдің суына шомылдырып, емдейтін болған.
Элтонға жақын маңдағы шипажайдан 3 шақырым алыс жерде минералды бұлақ бар. Ол жерден атақты “Ессентуки-17” суы алынады. Элтонның шипалы балшықтары ғана емес, тыныш, жайбарақат табиғаты да сіздің жаныңызды емдей алады. Элтон көлінің аумағының ауасы өте таза делінеді.
Элтон көлі балшығының құрамында йод, темір тұздары, күкіртті сутек, көміртек, амин қышқылдары бар. Әлемге танымал дәрігер, гинекология ғылымдарының негізін салушы Снегиров: "Мен дәл Элтон көліндегідей пайдалы әрі тез әсер етуші минералдарды Ресейден де, Кавказдан да, әлемнің ешбір жерінен де көрген жоқпын" деп жазған екен.
Ел аузында балдақпен келген адамдардың бір айдан кейін балдақты шипажайға тастап қайтып жататындықтары туралы әңгімелер айтылады. Олар тіпті шипажайда қалған балдақтардан үлкен мұражай құруға болатындығы туралы айтып, әзілдейтін көрінеді.
Элтон әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді жинап, қызықты мекендерін көрсетуден, шипажайлары арқылы дерттен айығуға көмектесуінен шаршаған емес.
Суреттер:vk.com
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева