Табиғат та тығылмашақ ойнайды

Табиғат та тығылмашақ ойнайды

Сіз бен біз тау бұлақтары мен өзендерге саяхат жасаудың ең оңтайлы кезеңі - көктем мезгілі екендігін жақсы білеміз. Өйткені, дәл осы кезеңде қардың еруінің әсерінен өзен арнасы толып, бұрқырап, ашуланып, гүрілдеп ағып жатады. Ал жаз келіп, күн ыси бастаса болды, су көлемі азайып, сұлулығы кетіп, сұрықсыздана бастайды. 

Білесіз бе, өзен суы ғана емес, құлашын кең жайып жатқан көл суы да тартылады екен, тартылғанда да көзден мүлде ғайып болып кете алады. Ирландияның Баликасл қаласындағы Loughareema көлі дәл осылай тығылмашақ ойнайды. Көлге халықтың таққан атауы - "Жоғалғыш көл". Өйткені салқын күндері көрген көздің жауын алардай әдемі болып ағып жататын көл бір сәтте жоқ болып кете алады.

Сәулетшілер көл маңынан көліктердің өтуіне оңай болу үшін арнайы көпір салған болатын. Бірақ судың молдығы соншалықты, көл суы ол көпірді де басып қалады. Көпірді тек қана жаз, күз айларында көруге болады.

Loughareema көлінің бар қызығы мұнымен бітпейді, оның есімімен тағы да бір мистикалық оқиғамен астасып жатыр. 1898 жылы Джон атты полковник поездға үлгеру үшін өзінің атқосшысына көл суынан әзер көрініп жататын көпір-жолмен өтуге бұйрық береді. Аттар дәл судың ортасына жеткенде бірнәрседен үркіп, тұрып қалады. Аз уақыт өткен соң, аттар қатты жұлқынып полковник пен атқосшыны өлім аузына алып барады. Сол уақыттан бері көл бетінде полковниктің бейнесіне ұқсас елес жүреді екен. Кім білсін, көл суының тартылып қалуы осы хикаямен байланысты болар? Сондықтан Loughareema көліне жүрегі дауалап баратын адамдардың қатары өте сирек.

Суреттер:kulturologia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева