Табиғат-Ананың талантты суретші ғана емес, дизайнер де, мүсінші де бола алатындығын бәріміз жақсы білеміз. Білесіз бе, оның шығармашылық адамына рух беретін тылсым күш болуға да шамасы жетеді. Көптеген өнер адамдары өз туындыларын жарыққа шығару үшін көрінісі көз тартар саябақтар мен қала шетіндегі таулы аймақтарға сапар шегіп жатады. Дәл осы дәстүр бойынша израильдік дизайнер Гур Кимель дүниеге керемет туындыларды алып келді. Ол жасап шығарған Nature Preserve атты табиғи әшекейлер топтамасы – Табиғат-Ананың нағыз тамаша тартуы. Гур Кимель таңдай қақтырар әсем бұйымдарды табиғат аясында жасаған серуен барысында жинған.
Дизайнер өз бұйымдарын Valencian Seed Collection, High End Collection и Simply Nature Collection сынды атаулар бойынша түрлі топтарға бөлген.
Ол бұйымдары жасалған материалдарды Иерусалим, Тель-Авив, Валенсия саябағы, Скандинавия ормандарынан жинаған. Олардың қатарында шырша бүршіктері, қылқанды ағаштардың бұталары, емен жаңғағы, әртүрлі пішіндегі дәндер, тіпті кепкен жемістер мен жидектердің сүйектері де бар. Орманда керексіз болып жатқан мұндай майда-шүйде заттар нәзік жандылардың көркіне көрік қосар әшекей бұйымдарға айналып шыға келген.
Гур Кимель әртүрлі жаңғақтардан - алқалар мен салпыншақтар, шырша бүрлерінен - кулондар мен сырғалар, ұрықтар мен сүйектерден – әдемі алқалар әзірлеген.
Зергер бұйымдардың біршамасын алтын және күміс қабаттармен жапқан. Ал кейбір жерлерін табиғи күйінде қалдырған. Қандай әрекет жасаса да, барлық әшекей бұйымдар таңдай қақтырып, басты шайқатады.
Суреттер:d-jennifer.livejournal,kulturologia.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева