Табиғат пен сандар

Табиғат – жаратылыстың ғажап туындысы. Бұл әлемде болып жатқан алуан түрлі оқиғалар желісі, алуан түрге енетін әуе кеңістігі, қызыл-жасылды өсімдіктер мен олардың жемістері, ұшқан құс, жыбырлаған жәндік - бәрі-бәрі адам баласын таңқалдыратыны сөзсіз. Табиғат-Ананың күйін, әсем пішінін, қазынаға толы қоймасын көрсек, жанымыз тойғысыз, жырласақ, сөзіміз жеткіліксіз...

Әлемтану айдары оның бойындағы шешілмеген құпияларды өздеріңіздің орталарыңызға тастаудан шаршаған емес және жалғастыра береді. Бүгін ол жұмбақтарды сандардың көмегімен жеткізіп көрмекпіз.

Табиғатта бар болғаны 92 химиялық элемент бар екен: 11-і газ, қалған 81-і қатты заттар; Табиғи химиялық элементтердің екеуі ғана сұйық түрде кездеседі: сынап пен бром; Жердің шамамен 70 пайыз бөлігін су алып жатыр. Оның 1 пайызы ғана ішуге жарамды; Планетамыздың аралары күніне 3 триллион гүлді құнарландырып, 3000 тонна бал өндіреді;

Жыл сайын 50 000-ға жуық жер сілкінісі тіркеледі; Мұздар мен мұзтау (айсберг) Жердің 10% бөлігін алып жатыр; Жер планетасында шамамен 320 000 мұзтау (айсберг) бар; Солтүстік жарты шарда бір жылдың 186 күнінде күн көзі көрінбейді; Ауыз судың жасы шамамен 3 миллиард; Соңғы 25 жылда арктикалық мұздардың қалыңдығы 120 сантиметрге кішірейген; Жыл сайын жер бетінен 11 млрд гектар тропикалық орман ғайып болады;


Әлемдегі ең үлкен толқын - 1971 жылы Жапониядағы Ишигаки аралында тіркелді. Оның биіктігі - 85 метрден асқан. Әлемдегі ең алып бұршақ АҚШ-тың Канзас штатындағы Коффейвилль жеріне түскен. Оның салмағы 700 грамға жеткен. Жер шарында 3,6 мың көмір бассейні бар. Жалпы, олар планетаның 15% бөлігін алып жатыр. АҚШ-та жыл сайын 1000-нан аса торнадо болып тұрады; Ересек емен ағашының жапырақтарынан күніне 7 тонна су ағады; Әлемде саңырауқұлақтың 2500-ден астам түрі бар екен;

Жердің 1/3 бөлігін шөл дала алып жатыр; Құрт-құмырсқалардың саны басқа жануарлардан әлдеқайда көп екен; Жаңа піскен алма су бетінде қалқып жүре алады, өйткені оның 25%-ын ауа құрайды; Жер бетіндегі ағзалардың 70%-ын бактериялар құрайды; Бір жылда түсетін жауын-шашынның орташа мөлшері - 1 метр;

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/BhmPZZC_d3M","width":"425","height":"350"});

Суреттер:onua.com.ua, merck-consumer-health.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева