Қытайдың солтүстігінде, яғни, қытай-моңғол шекарасындағы Эрэн-Хото қаласына жақын маңнан асқақтаған екі динозаврды көре аласыз. Екі жануар жолдың екі жағынан шығып, бір-біріне қарай жақындап тұр. Бір қарағанда сүйісуге ынталанғандай көрінеді.
Әрбір мүсіннің ұзындығы 34 метр болса, биіктігі 19 метр. Ал екеуін қоса есептегенде 80 метрді құрайды. Үлкен ескерткіштің айналасында басқа да ұсақ динозаврлардың мүсіндерін кездестіре аласыз.
Эрэн-Хото Гоби шөлінің аймағында, Ішкі Моңғолияның автономиялық аймағында жатыр. Аталған қала Ішкі және Сыртқы Моңғолия арасындағы жалғыз сауда бағыты ретінде 1950 жылдары құрылған болатын.
Аймақ бұған дейін, яғни 1920 жылдары динозаврлардың қалдықтары табылғаннан кейін-ақ әлем жұртына танымал бола бастады.
Эрэн-Хотоның екінші атауы – "динозаврлар қаласы". Себебі, бұл жерде ерте кездерде динозаврлар мекендеген. Ғалымдар осыдан 70 миллион жыл бұрын, яғни, бор дәуірінде Эрэн-Хотоның орнында өзендер мен батпақтардың қалың орманның болғандығын дәлелдеді.
Бұл өлкеде динозаврдың шамамен 20-дан астам түрі болған. Олардың ішіндегі ең белгілісі – құсқа ұқсас келетін 8 метрлік жыртқыш динозавр. Оның қалдықтары 2005 жылы табылған болатын.
Осы ауданнан Азияда кең таралған үлкенді-кішілі динозаврлардың қалдықтары жиі табылып тұрады. Қалада әдемі гүлзардан басқа, динозаврлар мұражайы және "Динозаврлар ертегісі" аталатын саябақ бар.
Ал әңгімеге арқау болып отырған қақпаны 2007 жылы тұрғызған болатын. Ондағы басты мақсат – осы аймақтың динозаврлардың нағыз "нүктесі" екендігін көрсету.
Жыл сайын ағылып келетін туристер қауымы сүйіскен динозаврлармен суретке түспей кетпейтін көрінеді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com